Ақан сері Қорамсаұлы
Ақан сері Қорамсаұлы

Ақан сері Қорамсаұлы – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңында 1843 жылы туып, сол ата мекеніндегі Бұлақ басы, Құлагер құдығы деген жерде дүние салған.

Ақан сері алғашқыда ауыл молласынан сауат ашып, сонсоң Қызылжардағы Уәли медресесінде (1856-1859) оқыған.

Ақан сері алғашқы әйелі Бәтимадан Ыбан (Ыбырайым) есімді бір перзент көрген. Бәтима өлген соң Ұрқия атты қызға үйленіп, онымен ұзақ отаспаған. Ақанның «Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия» деп басталатын өлеңі осы Ұрқияға арналған. Ақан өмірінде өшпес із қалдырған адам – Ақтоқты сұлу. Ақтотыға үйленуді тағдыр Ақанға жазбаған. Ақанның «Ақ көйлек», «Аужар», «Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың» деп аталатын терең сырлы, ғажайып сезімге толы әндері осы Ақтотыға арналған.

Сал-серілік дәстүрді барша сән-салтанатымен ұстанған Ақан сері жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазыны жан серігі еткен. Мұндай өмір-салт оның әншілік-ақындық шабытына тұғыр болып, «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көкжендет», «Екі торы ат», «Алайкөк», «Тер қатқан» сияқты тамаша әндердің дүниеге келуіне себепші болған. Сондай-ақ, оның «Көкшетау», «Сырымбет», «Кербез сұлу» деп аталатын әндері туған жерге, өскен елге деген перзенттік махабаттың жарқын айғағы.

Ақан сері өз кезінде Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты ақын-әншілермен бастас болып, халықтың мәдени-рухани өміріне айырықша ықпал еткен.

Әйгілі әнші-сері Балуаншолақ Баймырзаұлының (1864-1919) ел ішіндегі еркіндік-еркелігін, серілік-серкелігін көре алмағандар соңына сөз ілестіріп, Атбасар әкімдерін оған айдап салады. Ақыры пәле-жаланы қаптатып, мазалай берген соң, Балуаншолақ 1908 жылы дау-шардың ізі суысын деген мақсатпен өзінің әрі нағашысы, әрі рухани ұстазы Көкшетаудағы Ақан сері Қорамсаұлының ауылына келеді.

Құшақ жайып, құрақ ұшып қарсы алған Ақан сері Балуаншолаққа ел-жер көрсетіп, көңілін сергітейін деген мақсатпен Қостанай жеріндегі қанжығалылардың ауылына алып жүреді. Бұл елде қадір білетін Шөңке бидің ауылында біраз қонақ болып, одан әрі шекті еліне барып қайтпақшы болады.

Алыс ауыл, шалғай жұртқа талып жеткен Ақан сері мен Балуаншолақ шектілердің шетіне іліккен соң-ақ бір ауылдағы еңселілеу үйдің есік алдында қара-құрасы мол болған соң, қонағуар үй болар деп ат басын бұрды.

Қос жолаушы сәлем беріп үйге кіріп келсе, үй іші толған қонақ дейді. Самарқау сөйлеп, сыздана сәлем берулеріне қарағанда үйдегі қонақтардың басы көпшілігі қожа-моллалар болып шығады. Олар қонақ келді-ау деп көңіл бөле қоймайды, дағарадай сәлделерін изесіп, шариғат туралы әңгімелерін жалғай береді. Ақан сері мен Балуаншолақ бел шешіп, елеусіздеу жайғасады. Қожа-моллалар қазақшылық жолмен жөн де сұрамайды, қонақжайлық танытып ығыспайды да. Бір-бірімен жарыса сөйлесіп, шариғат жолын айтысумен болады.

Әрі-беріден соң Ақан сері қожалардың дүмшелігін сезіп, өнімсіз сөздерінен жалығып, төңірегіне қараса, іргеде қалақтай бір домбыра сүйеулі тұр екен, қолына алып шерте бастайды. Қожа-моллалар домбыра дауысын естігенде шетінен одырая қарасып, жақтырмаған шырай танытады. Сол кезде төрде көсемсіп отырған біреуі сөз бастап:

–Ау, муһминдер, шариғат жолын сөз етіп отырғанда, шайтан ісімен бөлмес болар. Тоқтатыңдар ызылдатпай! –деп қабақ шытады.

Сонда Ақан сері домбырасын қағып-қағып жіберіп:

−Мұндайлар күндіз жатып, түнде үреді,

Ұрлықты түнде қылған кім біледі.

Жегені қожалардың адал емес,

Баланың шөтейінен күн көреді.


Жігіттер жақсы болсаң іс біліңдер,

Дем салып қожаларды үшкіріңдер.

Сүннәтін пайғамбардың көп айтады,

Алдымен осыларды піштіріңдер.


Көбейді осы күнде торпақ молла,

Аят пен хадиске шорқақ молла.

Ішін ашып қарасаң дәнеңе жоқ,

Пітір мен садақаға ортақ молла, − дегенде, үй ішінде отырған жұрт ду күледі. Бұл екі арада үй иесі де келіп, Ақан серінің келгенін сырттан естіген екен, қуанышты ықыласпен амандасады. Ақан сері бір бет алған соң тоқтай ма, үй иесімен амандасқан соң, төрдегі қожаларды мегзеп:


– Қожа-молла көбейіп,

Отыр төрде шөмейіп.

Сәлдесін үлкен орасып,

Жауған қардай борасып,

Мені молла десін деп,

Шариғатқа таласып! – дегенде, қожа-моллалар Ақан серінің арынынан ығып, үй иесіне сауға сұра дегендей жаутаңдай қарайды.

Үй иесі отырған жұртқа Ақан серінің атын айтқанда, даңқын алыстан білетін көпшілік қауым дуылдаса қуанады. Ал, қожа-моллалар мүлде абдырып, өздерінен-өздері ығыстап, орталарынан ойып тұрып қос қонаққа орын береді. Сол кезде Ақан серінің атақ- даңқына қанық біреу отырып:

–Уа, сері, атақ-абыройың алашқа жайылған азамат екеніңді білеміз. Хош келіпсің! Сендей жанның серігі де тегін кісі болмаса керек, танымадық-ау! – дейді.

Бұл сауалға Ақан сері жауап берудің орнына, домбырасын Балуаншолаққа ұстата салады. Сонда Балуаншолақ домбыраны безілдете тартып келіп:


–Жапалақ құс болғанмен неге дәрі?

Жаманның кісілікке бар ма сәні?!

Жаманға айтқан сөзің еш қонбайды,

Ағады құлағынан сөздің бәрі.


Жапалақ жарбақтайды жар басында,

Немене жоқтың күні бар қасында!

Жігіттің мейманасы асып кетсе,

Ақыры түспей қоймас тәубасына.


Жасымнан мен жақсыға жақын жүрдім,

Дария аққан судай тасып жүрмін.

Жаласы сексен өгіз маған ауып,

Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін.


Арқаға атым шыққан– Балуаншолақ,

Басыма Тәңірім берген күш пенен бақ.

Көргенде сұлу әйел шыдамсызбын,

Қайтейін тал бойымда мінім сол-ақ! – деп өлеңдетіп қоя береді.

Өнері де, өнегесі де ерекше қос серіге үй иесі риза болып, сыбаға арнап қам жасап, айырықша ықылас көрсеткен екен дейді.

TOP-АВТОР