Арман Бақтанұлы Қани 1954 жылы, 22-ақпанда Павлодар қаласында туған.
Кеңестік кезеңде, жасөспірім шағында отаршылдыққа қарсы саяси іс-әрекеттері үшін «саяси сенімсіз» адамдар санатына жатқызылып, қудалауға ұшыраған: мектептен, комсомол қатарынан шығарылып, жариялану құқығына шектеу қойылған. Ұзақ жылдар бойы жұмысшы болып істеген. Орта мектепті (1976 ж.) және жоғары оқу орнын (ПМУ-дың филология факультеті, 1995 ж.) өз құрбы-құрдастарынан көп кейін, сырттай оқып тамамдаған.
Арманның алғашқы өлеңдеріне 1980 жылдардың бас кезінде, республикалық әдеби басылымдар беттерінде қазақ поэзиясының көрнекті тұлғалары Жұмекен Нәжімиденов, Қуандық Шаңғытбаев жылы лебіз білдіріп, шығармашылығына сәт сапар тілеген. Тұңғыш жинағына Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбай толымды пікір білдірді.
А. Қани – Қазақстан шығармашыл жастары «Жігер» фестивалі дипломының иегері (Алматы, 1983 ж.), Павлодар қаласы шығармашыл зиялылары «Қауышу» слетының «Жылдың үздік ақыны» атағы иегері (2001 ж.), «Бір өлең – бір әлем» республикалық мүшәйрасының І орын жүлдегері (Алматы, 2008 ж.), Павлодар облысы мен облыстық радионың 70 жылдығына арналған «Туған жер – алтын діңгек» республикалық мүшәйрасы бас жүлдесінің жеңімпазы (Павлодар, 2008 ж.).
Топтама өлеңі Қазақстан жас ақындарының «Қарлығаш» ұжымдық жыр жинағына (Алматы, «Жалын» – 1984 ж.) енген. «Ар алдында» (Павлодар, «ЭКО» – 2001 ж.), «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар» (Павлодар, «ЭКО» – 2004 ж.) «Шындықпен бетпе-бет» (Алматы, «Қазақпарат» – 2006 ж.), «Жұлдызды тұман» (Павлодар, «Кереку» – 2008), «Сен және мен» (Астана, «Фолиант» – 2012), «Үйлесім» (Павлодар, «Brand print» – 2014), «Баянауыл жырлары» (Павлодар, «Парасат» – 2014) жинақтары жарық көрген.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы», «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін», «Павлодар қаласының құрметті азаматы», «Баянауыл ауданының құрметті азаматы» атақтарымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Павлодар облысына 75 жыл», «Қазақ хандығына 550 жыл», «Желтоқсан оқиғасына 30 жыл», «Невада-Семей» қозғалысына 25 жыл», «Тіл жанашыры» медальдарымен, «Тарихи әділеттік» қоғамдық комитеттің, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алғыс хаттарымен марапатталған.
Арман – Жаяу Мұсаның жиеншары және Мәдидің аталас ағайынының ұрпағы. Арқаның екі бірдей күрескер ақын-композиторын өмірде де, өнерниетте де өзіне үлгі тұтқан.