Жақиянова Алтыншаш Жұманқызы - 1959 жылы 30 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Майдантал кеңшарында дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді. Өлеңді он жасынан бастап жаза бастаған Алтыншаш Жұманқызының өлеңдері сол кездері үнемі республикалық газет-журналдарда жарық көріп жататын.
1979 жылы Семей облысына тұрмысқа шығады. Онда да шығармашылығын үзбей, «Ақсуат арайы» газетінде әдебиет және мәдениет бөлімінде әдеби қызметкер боп істейді.
1992 жылы Қапшағай өңіріне көшіп келеді. Сол жылдардан бері қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беріп келеді.
1994 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойын өткізіп, көпшіліктің көзіне түседі. Қалалық білім бөлімінен келгендер қалаға мұғалім болуға шақырады.
1996 жылдан бері Қапшағай қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келді. Ұстаздыққа бет бұруына байланысты 2002-2004 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының филология факультетін сырттай оқып, бітіреді.
1995 жылы Қапшағай қаласының 25 жылдығына арнап шығарылған «Қапшағайлық ақындар» жинағына өлеңдері енді.
Ширек ғасыр ұстаз бола жүріп, «Жүрегімнің жұлдызы» (1996 ж. «Түркістан» баспаханасы,. 64 бет), «Арқабай шежіресі», (2000 ж.«Poly Com».20 бет),) «Жанымның нұры», (2009 ж. Алматы «Қазақпарат», 226 бет ), «Сүмбіле» («АнАрыс» баспасы, Алматы. 2015 ж.328 бет), «Қапшағай толқынында туған жырым» (Мемлекеттік тапсырыспен «Таймас» баспа үйі, Алматы – 2016 ж.240 бет) атты жыр кітаптарын және Қапшағай қаласының 40 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қанат жайған Қапшағай» («Қазақпарат» Алматы – 2010 ж. 244 бет), елі сүйген қазақ поэзиясының Хантәңірі – М.Мақатаевқа деген сүйіспеншілігінің белгісі ретінде «Менің Мұқағалиым» («Қазақпарат» Алматы, 2011 ж.118 бет), Д.Қонаевтың 100 жылдығына арнап шығарған «Алып тұлға және айдынды қала» («Қазақпарат» Алматы, 2012 ж.160 бет) атты көркем публицистикалық жинақтарын шығарды.
Әр жерлерде; туған жері Түркістанда бірнеше рет, келін боп түскен жері Ақсуатта екі рет, Заречный, Шеңгелді, Кербұлақ, қаланың Кәсіптік колледждерінде, қала мектептерінде, қалалық мәдениет үйінде бірнеше дүркін кездесу кешін өткізген ол өнер сүйер қауымның қошеметіне бөленді.
Алтыншаштың «Сағындым әже» (Мұрат Сатов, Гүлмира Сарина), «Асылым анам» (Жанатбек Саденов), «Жан асылым» (Амангелді Нұрқасымов), «Әндерің - ай» (Ерсайын Нарымбаев), «Көңілің қалды ғой менен» (Жекен Нұрсапин), «Әнім сенсің Қапшағай» (Ерлан Мустафин), «Арманым болып кеттің сен» (Жекен Нұрсапин), «Қапшағай вальсі» (Әділет Жақиянов) атты өлеңдеріне Амангелді Нұрқасымов, Мұрат Сатов, Жанат Сәденов, Жекен Нұрсапин, өзінің ұлы Әділет Жақиянов, Гүлмира Сарина, Ерсайын Нарымбаев сияқты белгілі, әуесқой композиторлар ән жазған.
2013 жылы «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің «Ақбозат» атты ІІ Халықаралық ақындар мүшайрасында жыр бәйгесінің бас жүлдесіне ие болды.
Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасына (http://kazneb.kz) тұрғылықты жеріне қарамастан кез келген оқырман қол жеткізе алады. Осы электронды кітапхана қорына ақын А.Жақиянованың 7 кітабы енгізілген.
Оннан аса кітапты өмірге алып келген ақынның өмір белестері мұрағатта сақталып, мұражайы қалалық кітапханаға қойылған.
Алтыншаш екі ұл, бір қыз тәрбиелеген ардақты ана, төрт немереге аяулы әже, сүйікті жар.
1998 - «Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу» шеберлерінің облыстық байқауы, Алғыс хат;
2007 - Сүйінбай Аронұлының 190 жылдығына арналған қалалық ақындар айтысында І орын;
2007 - Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған «Тұлпар мініп ту ұстар ел» атты қалалық ақындар айтысында ІІ орын;
2007 - «Жігерлі әйел» атты республикалық байқаудың жеңімпазы атанып мақтау қағазы мен бағалы сыйлық алған болатын.
2007 - «Менің қалам» атты қалалық ақындар шығармашылығы байқауында қала әкімінің І дәрежелі дипломы, ақшалай сыйлық;
2009 - «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты Қаратал ауданында өткен облыстық ақындар мүшәйрасында тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың алғыс хаты;
2009 - «Менің Мұқағалиым» атты Іле аудандық байқауда құрмет грамотасы;
2010 – Алматы облыстық тіл басқармасының алғыс хаты;
2010 - Қапшағай қаласының 40-жылдығының бас ақыны, І орын;
2011 - «Білім шапағаты» газеті жариялаған «Қапшағай туралы ода» өлеңдер топтамасы үшін «Зерде» сыйлығының жеңімпазы;
2011 - ақиық ақын Мемлекеттік сыйлықтың иегері М.Мақатаевтың 80 жылдығына арналған «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!..» атты жазба ақындардың республикалық жыр мүшәйрасына қатысты;
2011 - «Менің Мұқағалиым» байқауының құрмет грамотасы;
2012 - Қалалық «Үздік қазақ тілі мұғалімі – 2012» байқауының бас жүлдегері;
2013 – «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің кезекті ақындар Мүшайрасы, Құрмет грамотасы, Диплом, жыр оқу жүлдесінде «Ақбозат» жыр бәйгесінің бас жүлдегері;
2015, ақпан - Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласынан шығатын журналға «Жоғалтып алдым бір бейне» деген айдармен бір топ өлеңдері суретімен жарық көрді. Құлжа қаласына да ақындық өнерін көрсетіп қайтты. Онда да бірнеше өлеңіне әндер жазылды.
2017 - Қапшағай қаласының білім бөлімі, қала мәдениетінің дамуына қосқан ақындық еңбегі үшін Алғыс хат пен заттай сыйлық;
2017, қазан - Қапшағай қаласында мемлекеттік тілдің насихатталуына қосқан үлесі үшін Қапшағай қаласы әкімінің алғысы, заттай сыйлық;
2017, желтоқсан - «Жетісу балалар кітапханасы» айдарымен ақын-жазушылардың, суретшілердің арасындағы балалар әдебиеті кітаптарына байқауының «Балаларға арналған үздік поэзия» номинациясының «Балалар әдебиетінің үздігі» атағы.