Сайлау  Жылқыбаев
Сайлау Жылқыбаев

Сайлау Қабыкенұлы Жылқыбаев, ҚР-сы Мәдениет саласының үздігі, Ерейментау ауданының құрметті азаматы.  

1958 жылы Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Бозтал ауылында туған.

Білімі жоғары. Абай атындағы Қазақтың МУ –нің көркемсурет-графика факультетін бітірген.

Әр жылдары ауылда әр түрлі салада еңбек етіп 1988 -2007 жылдары мектепте мұғалім, 2007-2015 жылдары Бөгенбай батыр атындағы  Ерейментау аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, 2015-2022 жылдары зейнет жасына жеткенше  Ерейментау ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып, 2022 жылдан Үмбетей жырау атындағы Ерейментау аудандық Мәдениет үйінің директоры қызметін атқаруда.

Поэзия бағытында жеке шығармашылық жетістіктерге жетіп, бірнеше мәрте облыстық, аймақтық, республикалық ақындар мүшайраларының жеңімпазы атанды. Өлеңдері «Жыр өзегі-елдік, тіл, рух»(Көкшетау, 2009 ж.), «Ерейменім- мерейлі елім, ән, жырым»(Астана 2009 ж.), «Шығыс шынары-III» («Тұран» Алматы 2013 ж.), «Бір мені балаушы еді бір тайпа елге»(«Тұран» Алматы 2014 ж.) «Балаларға базарлық» (Көкшетау 2021 ж.) атты жинақтарға енді. 2010 жылы «Бозталда қалған қолтаңба», 2015 жылы «Құдіретпен тілдесу» деген атпен жеке өлендер жинақтарын шығарды. 2012 жылы Өскемен қаласында өткен дәстүрлі «Шығыс шынары» Халықаралық мүшайрасына қатысып топтама өлеңдері осы аттас жинаққа енді. 2014 жылы Ерейментауда Алаш ұстанымы үшін құрбан болған Перуаш Кәрімұлының 100 жылдығына арналған Халықаралық мүшәйрада жүлделі екінші орынды иеленді. 2021 жылы қыркүйек айында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жариялаған «Балаларға арналған үздік шығарма» конкурсында Бас жүлде алды. Осы жылы Ақмола облысының Ақкөл ауданы әкімдігі «Ақкөлім- алтын бесігім» атты Ақкөл ауданының үздік ән-гимніне конкурс жариялап, осы конкурсқа қатысқан  Сайлау Қабыкенұлының  «Ақкөлім» әні «Бас жүлдені» жеңіп алды. Ол өз өлеңдеріне графикалық иллюстрация- суреттер салумен және ән шығарумен айналысады.  Алпыстан астам әндердің авторы. Ереймен елінің 15 ауылына  ән жазып шығарды. Шығармашылық толғаныстан туған «Бөгенбай батыр» әні ереймендіктердің гимніне айналып, еліміздің біраз өңіріне тарады. Сонымен қатар «Ерейментауым», «Ерейменім-сағынышым», «Баянауыл», «Олжабай батыр», «Көкшетау», «Өр Торғайға тағзым», «Шымкентім» «Қазқонған көл» атты әндері тыңдарманның жүрегіне жол алды. 

 

 

TOP-АВТОР