Бақтыбай Жолбарысұлы
Бақтыбай Жолбарысұлы

Жетісу өңіріндегі атақты ақындардың бірі Бақтыбай Жолбарысұлы 1842 жылы маусым айында Алматы облысы, Текелі ауданында дүниеге келген.

Атасы Аңламастан Аю, Жолбарыс, Үден деген үш бала өрбіген. Жолбарыстан Тәттібай тарайды.Ол кезде Талдықорған жағындағы биік-биік таулар ішінде, жыра-сайларда аю, жолбарыс сияқты ірілі-уақты аң-құстар өте көп болған.Аңламас қарияның балларын сондай күшті аңдардың атымен атауында гәп бар. Күш пен айланың заманында аю,жолбарыс сияқты батыр туса екен деп армандаған болуы керек,бірақ оның ұрпағынан Бақтыбай сияқты атақты ақын шығарын, әрине, ол білген жоқ.

Жеті жасында жетім қалып, бірнеше жыл Балқаш, Сексеуіл, Шұрық жақтағы нағашыларының қолында болады. Кейін еліне қайтып келіп, бай ағайындарының малын бағады. Жиын-тойларда өлең құрастырып, ақындығын танытады. Ақыры өнері жалшылықтан құтқарып, өлеңнің соңына біржола түседі. Әсіресе, атақты Тезек төремен айтысы (1861) Бақтыбайдың ақындық даңқын бүкіл Жетісу өңіріне әйгілі етеді. Төренің айбынынан ықпай, оның әлсізге жасаған зорлық-зомбылығын бетіне басады. Ақынның өзге де әділетсіз бай, болыс, т.б. мықтыларды әшкерелеген өлең, айтыстары көп.

Бақтыбайдың жекелеген толғау, сықақ, жоқтау өлеңдері көп болғанымен, айтыс өнері оны биікке көтерді. Мәйке қызбен, Арыстан, Жүсіпбек, Әсет, Бәйімбет, Қыпшақбай, т.б. ақындармен айтысы суырып-салма шеберліктің, тапқырлық пен батылдықтың айқын үлгісі.

Ақынның “Едіге — Нұран” көлемді дастаны да сақталған. Бақтыбайдың шығармалары 1987 жылы “Жел қобыз” деген атпен жеке кітап болып шықты.

Бақтыбай Жолбарысұлы, 1902 жылы Ескелді ауданы, Өтенай ауылы, Балдырған жайлауында дүниеден өтті.

TOP-АВТОР