Бақтыбай Сәрсенбайұлы Жайлау (28.01.1988) – Жаңаөзен қаласы мектеп-лицейінің түлегі (2006). Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бакалавр (2010), магистр (2013) дәрежесінде бітірген.
Ол халықаралық «Каспий – достық теңізі» фестивалінің (2006), М.Мақатаев атындағы республикалық ақындар мүшәйраларының (Қарасаз-2006), (Астана-2007), Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық оқушылар (Талдықорған-2005) және студенттер (Павлодар-2007) олимпиадаларының жүлдегері. Пір Бекет Атаның 260 жылдығына арналған аймақтық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы (Атырау-2010).
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі (2009). Еңбек жолын студент кезінде «Қазақстан» РТРК МОФ-да редактор-журналист қызметінен бастаған (2007-2010). Университет ректорының көмекшісі (2010-2011), Ш.Есенов атындағы КМТИУ оқу телестудиясының редактор-журналисі (2011-2013) қызметтерін атқарған. Қазір Жастар ісі комитетінің төрағасы.
Германия Федеративтік Республикасы Берлин қаласында халықаралық «Жас қаламгерлердің баспасөз орталығы» (PNJ) кәсіби қоғамы ұйымдастырған жас журналистерге арналған тағылымдамадан өткен (2012).
Польша Республикасы Адам Мицкевич атындағы Познань университетінде тәжірибеден өткен (2013).
«Кедергісіз кеңістік» (өлеңдер), «Сұрағандарың сөз болса...» (мақалалар мен сұхбаттар) атты кітаптары жарық көрген («Нұрлы әлем» баспасы, 2010). Автордың құрастыруымен «Қашаған – сөздің дүлдүлі» (ғылыми мақалалар мен арнау өлеңдер және айтыс мәтіні) атты кезекті жинағын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыспен шығарған («Жазушы» баспасы, 2013 ISBN 978-601-200-439-7; 20 баспа табақ, 320 бет, таралымы 2000 дана).
Бірнеше топтама жинақтар мен облыстық, республикалық баспасөз беттерінде шығармалары, республикалық, халықаралық ғылыми конференция жинақтарында зерттеу мақалалалары жарияланып жүр.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында көкейкесті әрі қоғамдық мәні бар тақырыптарды жариялауда үздік шеберлік, шығармашылық ізденіспен мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге үлес қосқаны үшін» (2009); «Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» (2011) облыс әкімінің; «Баспасөз, теледидар және радио қызметкерлері күніне орай журналистика саласында елеулі еңбегі үшін» «Нұр Отан» ХДП (2009) алғыс хаттарымен, Ақтау қаласы әкімінің Жастар сыйлығымен марапатталған (2013).