ҚАЙЫМ
Қанат Қабділрашидұлы
1955 жылы 5 мамырда Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы, Ақсуат (Тарбағатай) ауданының Құмкөл елдімекенінде дүниеге келген.
1972 жылы орта мектепті бітіріп, 1977 жылы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің (КазГУ) филология факультетін тәмамдаған.
Жоғары оқу орнынан кейін жолдамамен Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Азат сегізжылдық мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болды. Одан кейін Есік қаласында аудандық Пионерлер үйінің директорлығы, «Қазақстан пионері», «Қазақстан мұғалімі», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Столичное образование» журналында бөлім меңгерушісі, «Дана-пресс» ақпараттық агенттігінде, Қазақ радиосының балалар мен жасөспірімдер Бас рекциясының редакторы болып қызмет атқарды. «Алматы ақшамы» газетінің жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары болды.
Баспагерлік жұмысын «Балауса» баспасының бас ректорлығы қызметінен бастап, 2002 жылдан бері «Ол-Жас Баспасы» ЖШС-нің директоры.
«Пионерлік ферма» (деректі повесть), «Жалын» баспасы, 1984 ж., «Топан су» (әңгімелер), «Ол-Жас Баспасы», 2006 ж., «Еркеш-Еркебұлан» (повесть), «Баур» баспасы, 2008 ж., «Көпір астындағы үй» (хикаяттар, әңгімелер, Балғындарға базарлық, Ерте, ерте, ертеде, мектеп сахнасына), «Алматы – Болашақ» АҚ баспасы, 2020 ж. кітаптары жарық көрген.
«Алматыкітап» баспасынан шыққан «Суретті өнер тарихы» энциклопедиялық басылымын (2014 ж.), Кэрл Вордерманның «Балаларды ғылымды танып-білуге жетелейік» атты бірегей жүйелі құрылған көрнекі анықтамалығын (2014 ж.), А. Вайнбергтің «Жалықтырмайтын астрономия» (2014 ж.), Н.Зенковичтің «Назарбаевтай болғым келеді» (2018 ж.) және «Атамұра» баспасынан шыққан Ирина Серкебаеваның «Бибігүл Төлегенова: сүйіспеншілік, үміт және сенім» (2014 ж.) кітаптарын қазақ тіліне аударған.
Автор-құрастырушы ретінде «Әрқашан дайын бол!» (Пионерлік қозғалыс шежіресі, «Жалын» баспасы, 1985 ж.), «Әліппе, саған мың алғыс» («Әліппемен» қоштасу ертеңгіліктері, «Әуен» баспасы, 2001 ж.), «Айналайын, абайла!» (Жол жүру ережесі баспалдақтары, «Балауса» баспасы, 2001 ж.), «Бабаңнан саған не қалған» (әдеби-этнографиялық шаралар сенарийлері, «Ол-Жас Баспасы», 2003 ж.), «Той дегенде домалайтын қубастар» (Асабаға көмекші құрал, «Ол-Жас Баспасы», 2004 ж.) жинақтарын баспаға даярлап, шығарған.
Шығармалары «Жарты ғасырдың алтын қоры» (2-том, «Баур», 2007 ж.), «Қазақ киносының Құлагері» («Білім», 2007 ж.), «Кәусар бұлақ» («Баянжүрек», 2010 ж.), «Өмір шуағы» («Ол-Жас Баспасы», 2012 ж.), «Ең керемет дәм» (Ол-Жас Баспасы», 2015 ж.), «Сәби күлкілі Сәбең» («Баянжүрек», 2016 ж.), «Тәтті алма»(«Фолиант» 1-том – 2015 ж., 3-том – 2017 ж., 4-том – 2019 ж.) т.б. жинақтарына енген.
Балаларға арналған «Ақ желкен», «Ұлан», «Дружные ребята», «Балдырған», «Жыл – он екі ай», «Мөлдір бұлақ», «Айгөлек» басылымдарының тұрақты авторы. 2012 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Республикалық «Астана – Бәйтерек», халықаралық «Дарабоз» әдеби-шығармашылық бәйгелерінің бірнеше дүркін жеңімпазы болған. Біршама шығармалары бастауыш мектеп оқулықтарына енген.