Талғат Айтбайұлы
Талғат Айтбайұлы

Талғат Айтбайұлы 1954 жылы 5 мамырда Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Қошқарата ауылында туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын интернат тәрбиешілігінен бастаған. 1975 жылы әскери міндетін өтегеннен кейін осы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген. ҚазМУдің журналистика факультетінде оқи жүріп Қазақ радиосында қызмет еткен.

1980 жылдан бастап республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім бастығы, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «Аударма» алқасында аға редактор, Алматы облыстық теледидарында саяси шолушы, «Халық кеңесі» газетінде бөлім меңгерушісі, жастардың республикалық «АрайЗаря» журналында жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.

1997 жылдан «Тоғанай Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры және 2001 жылдан бастап жарық көретін «Жыл – он екі ай» журналының Бас редакторы. Алғашқы әңгімелері оқушы кезінде жарық көрген. Белгілі кинорежиссер А.Шәжімбаймен бірігіп «Бәйтерек», «Барбол» деректі фильмдердің сценариін жазып, экрандаған. Кинорежиссер О.Сарбасовпен «Жамбыл» деректі фильмін түсірген. «Нан мен тер» (1998), «Ән әлемінің Әбиірбегі» (1998) сырсұхбат кітаптары мен «Мың бір күн, мың бір түн» («Тысяча один день, тысяча одна ночь») романы қазақ және орыс тілінде (аударған Н.Кенжеғұлова) қатар жарық көрді (2000). Жазушының аударуымен және тікелей қаржыландыруымен публицистжазушы В.Михайловтың «Хроника великого джута» кітабы «Ұлы жұттың жазбалары» деген атпен оқырмандар қолына тиді (1992). Е.Үсенбаев, М.Ахметпен бірге жазған «Жері, суы дуалы – Жуалы» тарихи танымдық кітаптың авторы.
 
2007 жылы «Жыл – он екі ай» журналы балалар басылымдары арасында Қазақстан Журналистер академиясының «Алтын жұлдыз» белгісін иеленді. «Алматы. 1986. Желтоқсан» топтама кітаптары үшін Қазақстан Журналистер одағының жүлдегері атанған.
 
 

 

TOP-АВТОР