Зауре Төреxан
Зауре Төреxан

Зәуре Ғалымбекқызы Төреханова 14 тамыз 1984 жылы Алматы қаласында дүниеге келді.

2014 жылы ол «Алтын Қалам» ұлттық әдеби бәйгесінің «Жылдың үздік балалар әдебиеті» номинациясында жүлдегер атанды. Осы байқаудан соң Алматыкітап баспасы Зәурені бірлесе жұмыс істеуге шақырып, оның «Әмина Тұран көшпенділер елінде» атты тұңғыш фэнтези романын шығару құқығын сатып алды. Кітап 2018 жылдың тамыз айында дүниеге келіп, Мәскеу, Франкфурт, Ашхабад халықаралық кітап жәрмеңкелерінде көпшілікке таныстырылды.  Сонымен қатар 2019 жылы Брюссель қаласында өткен «Ашық Евразия» халықаралық әдеби байқауында 3-орынға ие болды.

2016 жылы Алматыкiтап баспасының тапсырысы бойынша Зәуре Алматы қаласының 1000-жылдық мерейтойы қарсаңында «Біздің сүйікті қаламыз Алматы» атты балаларға арнап деректі повесть жазып шығарды. Бұл кітап Алматыкітап баспасының «Менің Қазақстаным» балалар патриоттық сериясының алғашқы кітабы ретінде басылды. Кітап қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. 2016 жылы Eurasian Book Fest кітап жәрмеңкесінде «Жылдың үздік өлкетану басылымы» Дипломымен марапатталды.

2017 жылы Алматыкiтап баспасы мен Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Ел жүрегі – ажарлы қала Астана» атты балаларға арналған деректі повесін жазды. Ол кітап елорданың 20-жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрді. Кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылды. Eurasian Book Fest халықаралық кітап жәрмеңкесінде үздік дизайн номинациясында Дипломмен марапатталды.

Сол жылы Зәуре Тұңғыш Президент Қоры – Ұлт Көшбасшысы және Қазақстанның Жазушылар Одағы ұйымдастырған «Алтын Тобылғы» әдеби премиясының лауреаты болды. Оның «Үй пірлері» («Невидимые соседи») повесі «Жылдың үздік балалар әдебиеті» номинациясы бойынша жүлдегер атанды.

2020 жылдың тамыз айында Ұлыбританиядағы Ромфорд қаласында өткен ECG Eurasian Fim Festival халықаралық фестиваліне қатысып, «Дом Шелкопрядов» («House of Silkworms») атты фэнтези жанрындағы сценарийі «Үздік киносценарий» категориясында бас жүлде жеңіп алды.

Кітаптарының жалпы таралымы 16 000 дана.

TOP-АВТОР