Толыбай Абылаев
Толыбай Абылаев

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, мен, Толыбай Абылаев 1952 жылы 14 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданындағы Көнебөген ауылында балықшы отбасында дүниеге келдім. Тұңғыш «Алтын күз» атты өлеңім 1965 жылы республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жарық көрді.

Сонан бері республикалық, облыстық мерзімді басылымдарда өлеңдерім жарияланып келеді. 1986 жылы «Шағала» атты тұңғыш жинағым «Жалын» баспасынан, «Арал көшіп келеді» атты жинағым 2002 жылы Қызылордадағы «Тұмар» баспасынан, «Аралдан соққан жел» атты кітабым 2006 жылы «Ана тілі» баспасынан мыңдаған таралыммен жарық көрді.

«Арал Атлантидасы» жинағым 2011 жылы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» тапсырысымен «Қазығұрт» баспасынан, «Махаббат дәптері» 2015 жылы «Мерей», «Қыран шайыр» 2017 жылы, «Нұртуған шайыр» кітабым 2019 жылы «Қанағат» баспасынан, «Алақанымда Арал», «Кішкентай балық туралы ертегі» кітаптарым 2022 жылы «Тұмар» баспасынан, «Ақмешіт бекінісі» жыр кітабым 2023 жылы «А.Орымбаев» баспасымен, «Балалық шақ балладалары» «Мерей» баспасынан 2024 жылы жарық көрді. Қырық жылға таяу облыстық радиода, облыстық, аудандық газет редакцияларында қызмет атқардым.

Жекелеген өлеңдерім республика жас ақындарының ұжымдық жинақтарында жарияланды. 1974-1977 жылдары Шымкент, Алматы қалаларында өткен Қазақстан жас ақын-жазушыларының кеңестеріне, 2015 жылы Астанада өткен Евразия халықаралық ақын-жазушыларының конференциясына қатыстым. 2004 жылы Жарасқан Әбдірашев атындағы республикалық әдеби сыйлықты, 2006 жылы ҚР Ақпарат Министрлігі мен «Қазақ-Мыс» корпорациясының біріккен әдеби бәйгесінде «Алтын бесік» атты топтама өлеңдерім үшінші сыйлық, 2011-2024 жылдардың аралығында халықаралық, республикалық әдеби бәйгелерде бас бәйге, бірінші, екінші жүлделерге ие болдым. 2022 жылы Арал ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облысының Құрметті ардагері атақтары берілді.

«Еңбек адамы-2025» республикалық байқауына жолдап отырған «Жол басы» атты әңгімем проза саласындағы екінші дүнием. Республикалық «Таң-Шолпан» журналының 2025 жылғы №3 санында жарияланған. «Тозақ аралы» романым бұл жанрдағы тұңғыш еңбегім болатын.

TOP-АВТОР