Сәрсенбек Сахабат 1954 жылы 24 наурызда Түркістан қаласында дүниеге келді. Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогика университетінің филология факультетін бітірді. Мемлекеттік кітап палатасында, ауыл мектебінде (орыс және қазақ тілдерінен сабақ берген), Кентау қалалық газетінде, «Жібек жолы» журналында редактор, «Темірқазық» журналында бас редактор болып, сол басылымдарды ұйымдастырған. Қазір «Мәдениет» газетінің бас редакторы.
Сәрсенбек Сахабат «Үркер таққа тоғайды», «Сені ойға алдым», «Жер шоқтығы Түркістан», «Машырыққа ұшқан тырналар» жыр жинақтарының, «Төреғұлдың Нәзірі», «Шәмшіғұмыр» прозалық кітаптарының авторы.
Көне түркі мен өзбек тілдерінен «Мың бір хадисті», «Мұхаммед пайғамбардың өсиетнамасын», «Адам Ата әпсанасын», Қ.А. Яссауи, А. Иүгінеки, С. Бақырғани, М. Хорезми, Ә. Науаи поэзиясын т.б. жеке кітап етіп бастырған өнімді тәржіман. Әдеби-тарихи танымдық зерттеулері жарық көрген.
Қарауылбек Қазиев атындағы әдеби сыйлықтың халықаралық «Нәзір қоры» сыйлығының, облыстық мүшәйраның, әл-Фараби атындағы сыйлықтың лауреаты.