Хасенхан Талғаров (1928–1994) 1 қыркүйекте Алматы облысы, Панфилов ауданы, Бел жайлауындағы Ақтастының етегінде туған.
1949 жылы Құлжа қаласындағы педагогика училищесін бітіргеннен кейін, Іле қазақ автономиялық облысына қарасты Сүйдін аудандық оқу-ағарту бөлімінің инспекторы, меңгерушісі, осы аудандық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеді.
1955 жылы Алматыға келіп, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы») алғашында корректор, кейін редактор болып 1975 жылдың соңына дейін қызмет атқарады. Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін 1962 жылы сырттай оқып бітірді. «Өнер» баспасында редактор болды.
«Тұңғыш кітап» атты алғашқы жыр жинағы 1964 жылы жарық көрген. Одан бергі мезгілде «Жаңбырдан соң», «Торы тайым», «Шыңдағы шұғыла», «Атамекен астанасы», «Менің алтын босағам», «Күміс күлкі», «Қызыл бидай», т.б. өлең-поэмалар жинақтары, «Аққулар қайтып келеді» деген атпен таңдамалысы – ұзын саны жиырмаға жуық кітабы шыққан. «Партизан сыры» поэмасы мен өлеңдері орыс тілінде кітап болып шықты. Қырғыз ақыны К.Бекниязовтың, түрікмен ақыны Қ.Нұрбадовтың, монғол ақыны Д.Эльбрустың біраз өлеңдерін қазақшаға аударған.