Тайыр Жомартбаев - 1884 жылы 23 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Жазушы, драматург. Көкбай медресесі мен Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген. 1911-1915 жылдары Семей қаласы маңындағы Жақия қажы мектебінде ер балаларға, әйелі А.Орманова қыз балаларға сабақ берген. 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспаханасынан жастарды адамгершілікке, ізгілікке, оқу-білімге үндейтін «Балаларға жеміс» атты өлеңдер жинағы, төңкеріске дейінгі қазақ қыздарының әлеуметтік жағдайын көтерген «Қыз көрелік» романы басылып шықты. 1915-1928 жылдары Зайсан қаласында, Маңырақ болысында мұғалім болды. 1928-1930 жылдары Семейдегі №14 мектептің директоры қызметін атқарды. 1930-1937 жылдары Семей педагогикалық техникумының оқытушысы болды.
Т.Жомартбаев оқытушылықпен қоса журналистикамен де айналысып, «Айқап», «Жаңа мектеп» журналдары мен «Қазақ», Алаш» газеттерінде мақала, фельетондар жазып тұрды. Оның «Сары сүйек құда», «Осы ма, қазақ өмірің?» атты пьесалары Зайсан, Семей театрларында қойылған. Кузнецк қаласындағы №23 мектепте жұмыс істеп жүрген кезінде жалған саяси жаламен тұтқындалып, Семейде үштіктің шешімімен ату жазасына кесілген. 1956 жылы ақталды.