Тайыр Жароков
Тайыр Жароков

Тайыр Жароков (1908–1965) - 28 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жетібай ауылында туған. Атасы Малтақан қара сөзге шешен, реті келген жерде бірекі ауыз өлең шығара алатын кісі болыпты. Алғаш білімді ауылда ашылған бастауыш мектепте алып, оны 15 жасында бітіріп шығады.
1923–1927 жж. Орынборда қазақтың халық ағарту институтында, 1928–1932 жж. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде, 1934–1935 жж. Ленинградтың тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасында оқиды.
1932–1933 жж. жаңадан құрылған Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комитетінің хатшысы, 1933–1934 жж. «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары, 1938–1942 жж. халық ақыны Ж.Жабаевтың әдеби хатшысы қызметтерін атқарды. Ұлы Отан соғысы кезінде әскер қатарында болды.
1946–1965 жж. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы» баспасы») жауапты қызметтер атқарды.
Алғаш өлеңдер жинағы «Жұлдыз жарығы» деген атпен (1932) басылып шықты. Әр жылдарда «Нефстан», «Коммунизм таңында» (1933), «Мотор жыры», «Күн тіл қатты» (1934), «Мұз тұтқыны» (1935), «Тасқын» (1937–1949), «Отан дауысы» (1938), «Нарын» (1935), «Тастағы жазу» (1940), «Совет сұңқарлары» (1942), «Бақыт жырлары», «Жапанды орман жаңғыртты» (1949), «Костер басында» (1952), «Қырда туған құрыш» (1954, 1955, 1956), «Жыр қанаты» (1956), «Құмдағы дауыл» (1958), «Тау жырлайды» (1962), «Теңіз баласы» (1963), «Тасқынға тосқын» (1965) атты кітаптары жарық көрді. Шығармаларының екі томдығы (1958–1959), таңдамалыларының төрт томдығы (1972–1975) және бір томдығы (1951–1978) басылды.
Пушкиннің «Цыгандар», «Кавказ тұтқыны», «Коломнадағы кішкене үй», «Ағайынды қарақшылар», Лермонтовтың «Черкестер», Грибоедовтың «Ақылдың азабы», М.Алигердің «Зоя», т.б. туындыларды аударған. Бірнеше ордендермен марапатталған.
TOP-АВТОР