Сәуле Досжанова –1960 жылы 2 қыркүйекте Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Ақтам ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі
1974 жылдан бастап аудандық «Іле аңғарында» және облыстық «Жетісу» газеттеріне өлеңдері мен мақалалары жарық көре бастаған. Жергілікті көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болған. Мектепті үздік бітірген.
1987 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін,
2006 жылы Орталық – Азия Университетінің заң факультетін бітірген.
Университет қабырғасында оқып жүргенде жас ақындардың «Аудитория», «Тоғыз перне», «Қарлығаш» жыр жинақтарына еніп, сол кездегі жастардың «Жігер» фестивалінде лауреат болып республикаға таныла бастаған.
«Социалистік Қазақстан» газетінде корректор, «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында Бас редакторының орынбасары, «Ұлағат» журналының тұңғыш Бас редакторы болып қызметтер атқарған.
Елордасы Астанаға ауысқанда көшбасында жүріп Қазақ радиосының Астаналық бөлімінде редактор болып істеді.
2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына Қазақстан Журналистер Одағының «Әнуар Байжанбаев атындағы сыйлықтың лауреаты» атанды.
2002 жылы мамыр айында Қазақстан Республикасы Парламенті мен Қорғаныс министрлігі бірлесіп өткізген бәйгенің бас жүлдегері атанды.
2009 жылы «ҚР Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталды.
2010 жылы «Нұр Отан» ХДП жариялаған «Елім деп соққан жүрегім» республикалық байқауында поэзия жанрынан Бас бәйге алған.
2011 жылы «Тәуелсіздікке тарту» атты Республикалық жыр мүшайрада жүлделі орын иемденген.
2011 жылы өзінің туған жері – Алматы облысының «Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы» атанды.
2013 ж. Астананың 15 жылдығына арналған «Жайна, жаса Астана» жыр мүшайрасында екінші жүлдені иемденген.