Ардағым, арман қуып мен кеткелі
Қанша рет көктем келіп, жер көктеді?!
Бір кезде бөбегім деп тербетіп ең,
Келесің әлі күнге тербеп мені
Қазақ ақыны, нәзік сезімді, қайырымды азамат, поэзия зергері және ақындардың әлденеше буынының ұстазы – Сағи Жиенбаев 1934 жылы 15 мамырда Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында туған.
1955 жылдан Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын бітіргеннен кейін Жезқазған қаласының 10 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді.
1956 жылдан әдеби қызметке ауысып «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» газеттері мен «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакцияларында істеді. Ұзақ жылдар бойы «Жазушы» баспасының поэзия редакциясын басқарды. Соңғы жылдары «Ақ Орда» журналының бас редакторы болды.
С.Жиенбаев көптеген жыр кітаптарының авторы. Оның алғашқы «Қарлығаш» атты өлеңдер жинағы, 1959 жылы жарық көріп, қалың оқырманды ақындық аса нәзік ерекше тынысымен баурап алды.
Өз тұстастары Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев секілді Сағи өмірде де, өлеңде де ерте есейген ұрпақтың өкілі. Сол ұрпақтағы поэзия әлемінде көрінген жас ақындарға көңіл аударған ұлы жазушы М.Әуезов ризашылықпен «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңдерін оқыдым. Оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар, біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар...-поэзияға керек нәрсе – осы шыншылдық»- деп бағалаған. Ата жазушының ақ батасындай осы сөз Сағидың ақындығына халықтың үміт сенімін арттыра түскендей болды.
Ақын қазақ поэзиясының екінші тынысы ашылған 60-жылдары жыр додасының дулы ортасында болды. Ойып тұрып өз орнын белгіледі. Сезімтал лириканың сирек құбылыстарының біріне айналды. Қазақ поэзиясын Сағи лирикасынсыз елестету мүмкін болмай қалды.
Балалық шағы Ұлы Отан соғысы кезіне сәйкес келген Сағи небәрі 7 жаста болған. Оның әкесі қуғын-сүргіннің құрбаны болып, үш жасында әкеден жетім қалып анасының тәрбиесінде өскен.
Ақынның соғыс жылдарына арналған өлеңдері қазіргі Одақ көлеміндегі поэзиямыздың үздік үлгілерінің сапында. «Сыртта боран ұлып тұр», «Оң аяқ», «Боран», «Күткен күн», «Медаль», «Әйелдер», «Жеңістің тұңғыш таңы бұл» - сияқты өлеңдері – көзіңе жас, ерніңе күлкі шақыратын, өзегіңе от тастап, кеудеңді тұңғиық мерей рахатқа бөлейтін озық туындылар.
«Тарту», «Дала гүлі», «Теңіз сыры», «Таң алдында», «Қайырлы таң», «Ақ толқын», «Киік», «Есімде сол бір көктем», «Әлия», «Гүлдәурен», «Оймауытым», «Бозторғай», «Іңкәр дүние» және басқа өмір туралы, табиғат туралы, өмірдің өткелең өрісі туралы ой-толғауларға толы өлең кітаптары оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді.
Өзінің 40 жылдық шығармашылық қызметінде Сағи Жиенбаев айрықша ақындық үнімен танылды. Дүние құбылыстарын барынша шебер дәрежесіне көтерген ол 30-дан астам өлеңдер мен поэмалар кітабының авторы. «Қарлығаш» (1959), «Дала гүлі» (1959), «Сырлы теңіз» (1969), «Алтын қалам» (1969), «Оймауытым» (1975), «Құралай салқыны» (1979), «Ақсақал», (1979), «Бозторғай» (1981), «Жарық жұлдыз» (1983), «Іңкәр дүние» (1983), «Нан мен тұз» (1986) т.б.
Әсіресе оның Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова мен Нұркен Әбдіров туралы дастандары, диқандар жайындағы өлеңдері көпшіліктің жүрегінен орын алды.
Тарлан лирик Қ.Шаңғытбаев тап басып танығандай «Сағи лирикасының ұтымдылығы – ондағы шеберлік пен шындықтың шынайы ұштасуында, үн мен ұғымның сұлу үйлесімінде»,- десе, ақын Мұқағали Мақатаев «Сағидың поэзиясы – мен үшін сол жез қоңырау. Бірте-бір артық сөзі жоқ, бірде- бір тәртіпсіз буыны жоқ, артық өлшем, жетпей жығылу дегендерді іздесе таптырмайтын Сағи поэзиясы сол жез қоңырауды елестетеді. Сағи оған сағилық әр, өң, сағилық мінез бермей қолынан шығармайды»-деп бағалайды. Ақын Е. Дүйсенбаев:
«Майсалы самал сайларда
Майыса есіп майда леп,
Сайрайды бозторғайлар да:
«Сағидай жырлау қайда деп?» - деп толғанады.
Сағи поэзиясы арқылы Қазақстанның қиыр түкпіріндегі ешқайда құймайтын кішкентай Жем өзені сонау Ақ жайық пен Атырауға ақ толқын жамыратып, Сырмен сырласып, Ертіске еркелеп, Көкше көріністерімен жалғасады. «Қарақалпақ жерінде», «Қарақұм оттарына» көз тігіп, «Ыстықкөл самалына» құшақ ашып, «Кавказ дәптерінен», «Ақеділге» асады. Туған жерге арналған өлеңдері сәбилік сезім өмірінің ақырына дейін Сағи суреткерлігінің жібек желісі, алтын арқауы.
О, туған жер, барымның
Сәттілері сенікі
Балы болса жанымның,
Тәттілері сенікі
Жүрегімде жыр болса,
Наздылары сенікі.
Көкейімде күй болса,
Саздылары сенікі.
С.Жиенбаев поэзиясының тәрбиелік мәні зор. Онда туған жерді қастерлеу, отанды сүю, еңбекке баулу, адамгершілік, табиғат әсемдігін сезіне білу т.б. алуан түрлі тақырыптарға жазылған өлеңдері ән болып төгілген, жыр болып шашылған.
Қайырлы таң, достарым!
Тау гүлдеді, бау гүлдеді.
Тамылжып тұр таң да арайлы.
Жас көктемнің балғын демі
Балбыратты бар маңайды,
Көкте күнім, жерде гүлім.
Сәуле шашып тұр әлемге,
Құс та бүгін, көл де бүгін
Қосылады бір әуенге.
Бірге толқып қырлары да, нұрлары да,
Мөлдіреген аспаны,
Гүл жамылған, нұр жамылған туған дала
Өмір жырын бастады.
Кең далаға, ел-анаға
Қайырлы таң, «Қайырлы таң» достарым!
Ақынның өзіндік бір қырларымен көзге түсетін, көзіңе жас, көңіліңе мейірім ұялататын бір өлеңі – «Әйелдер». Қазіргі аналар, аяулы әжелер Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға әкесін, ағасын, бауырын, жарын шығарып салған бойжеткендер мен келіншектер оларға қандай жыр-дастандарға да арқау болуға лайықты адамдар. Сондықтан кімнің болса да көкейін тап басатын Сағидың:
Ырзамыз барлық ісіңе,
Қазақтың қара көздері.
От пенен судың ішінен
Бізді алып шыққан өздерің.
Тұншығып іште жалыны,
Жана алмай кеткен отсыңдар.
Таранып, моншақ тағынып,
Бойды да күткен жоқсыңдар.
Қырларда кетті көп күндер...
Түрлерін іздеп көйлектің,
Таңдап та кимей кеттіңдер – деген өлең жолдарын тебіренбей оқу мүмкін емес.
Сағи Жиенбаев поэзиясының айтулы қасиеті – Отанға, туған жерге, биік адамдық атқа деген нәзік те асқақ сезімінде.
Ақынның ең таңдаулы өлеңдері музыка тілінде де сөйлеп, халық арасында кең тарап кетті. «Қарттарым аман сау жүрші», «Ана», «Елім менің», «Бейбітшілік жыры», «Ашық аспан», «Ауыл азаматтары», «Таң бұлбұлы», «Соғыс ардагерлері», «Қайдасың сен», «Дәурен –ай» т.б. өлеңдері. «Еңлік-Кебек», «Махамбет», «Боранды Едіге» -либреттосының авторы Сағи Жиенбаев әлем поэзиясының аудармашысы ретінде жемісті еңбек етті. Оның аудармасында Байронның, Пушкиннің, Турманияның, Лермонтовтың және басқа әлем әдебиеті классиктерінің өлмес туындылары қазақ тілінде тамаша сөйледі.
Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының мүшесі ретінде ол қазақ әдебиетінің жас өркенін әсіресе, лирика жанрындағы ізбасарларын тәрбиелеп өсіруге көп күш жұмсаған. Өнегелі еңбектері орыс, украин, армян, түрікпен, грузин, қырғыз және ТМД халықтары тілдерінде аударылған. Сондай-ақ неміс, поляк, чех, монғол, француз тілдерінде де аударылып жақын және алыс шетелдерде басылып шықты.
Сағи сазы – бұл қазақ лирикасындағы айрықша нұрлы, сырлы саз. Ол дауыс, ол саз уақыт озған сайын қоғам, ұрпақтар толқыны жаңарған сайын қалың қоғамға жаңа сәнмен жаңара береді.
С.Жиенбаев қазақ әдебиетін дамытудағы үлкен еңбегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, басқа да үкімет наградаларымен марапатталған.
Көрнекті ақын, нәзік сезімді, қайырымды азамат поэзия зергері және ақындардың әлденеше буынының ұстазы Сағи Жиенбаев 1994 жылы 15 мамырда 61 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.
2000 жылы Мәдениетті қолдау жылында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 ж. 16 ақпан №257 қаулысымен Ақтөбе өңірінде дүниеге келген лирик ақын С.Жиенбаев есімі Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасына берілді. Және қала көшесі, Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылының орта мектебі ақын есімімен аталады.
Сәулетті сөздің шебері, жаны жайдары, алтын қалам иесі С.Жиенбаевтың жырлары жас ұрпаққа үлгі өнеге.