Жұмекен Нәжімеденов
Жұмекен Нәжімеденов

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылғы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келді.

1954 жылы Нұржау кеңесіне қарасты Ленин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін 1954-55 ж.ж. «Жас қайрат» сегізжылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. 1955-56 ж.ж. Қарағандыдағы № 33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып істеді. 1956-59 ж.ж. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық аспаптар бөлімінде (домбырадан) дәріс алды. 1959-65 ж.ж. «Жазушы» баспасында редактор, 1965-66 ж.ж. «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1966-71 ж.ж. Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарды.
1971-73 ж.ж. Москва қаласындағы М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғарғы Әдеби курсты бітірді. 1974-78 ж.ж. Қазақ Мемлекеттік кітап саудасы жөніндегі комитетінде редактор, 1978-83 ж.ж. «Мектеп» баспасының тарих және география бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

Алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде ақынның «Сыбызғы сыры» (1962), «Өз көзіммен» (1964), «Жоқ, ұмытуға болмайды!» (1965), «Жарық пен жылу» (1966), «Күй кітабы» (1967), «Мезгіл әуендері» (1968), «Ұлым, саған айтам» (1970), «Қызғалдақ жайлы баллада» (1971), «Мен туған күн» (1972), «Жеті бояу» (1979), «Шуақ» (1980), «Ашық аспан» (1981), «Темірқазық» (1982), «Қыран-қия» (1984), «Менің топырағым» (1985), «Ұрпағым, саған айтам» (1988), «Мен – тамырмын» (2001), «Қасірет пен қайсарлық» (2001), «Жаңғырық» (2003) атты өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарық көрді.



Үш томдық өлеңдер мен дастандар жинағы 1996-1997 ж.ж., екі томдық өлеңдер жинағы 2005 ж. жарық көрді. 2002 жылы Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы сериясымен «Жұмекен» атты жинақ басылып шықты. 2005 жылы «Менің Қазақстаным» (2005) атты кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді.


Қаламгер проза жанрында да қажырлы еңбек етті. Оның қаламынан «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975), «Даңқ пен дақпырт» (1977) атты романдар туды. Ақынның әңгімелері мен повестері, хикаяттары мен сын мақалалары топтастырылып, 2005 жылы «Аспан шақырады» деген атпен басылып шықты.

Ж. Нәжімеденов асқан күйші болатын. Оның «Күй кітабы» атты шығармасының негізінде 2006 жылы аудио-кітап жарыққа шықты. Аудиокітапта ақынның күй құдыретін түсіндірген өлеңдері және өнер қайраткерлерінің орындаған туындылары қатар өріліп, тыңдарманына тарту етілген. Сонымен бірге 2005 жылы ақынның сөзіне жазылған әндер топтастырылған «Жұмекен – Менің Қазақстаным» деген әндер жинағы басылды.


Ақынның орыс тіліне аударылған «Весенние ветры» (1969), «Мое рождение» (1982), «Тебе говорю, потомок» (1986), «Солнцеворот» (1994) атты өлеңдер жинақтары басылды. 2003 жылы Санкт-Петербург қаласында орыс тіліне аударылған таңдамалы өлеңдері топтастырылған «Я есть» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрді.

Ж. Нәжімеденов аударма саласында Сағдидың «Бустан» дастанын, Түрік ақындарының өлеңдерін, А. Блоктың «Зауал» дастанын, М. Лермонтов пен В. Маяковскийдің көптеген өлеңдерін, А. Вознесенскийдің шығармалар жинағын қазақ тіліне аударды.


Ақын 1963 жылы Москвада өткен Жас жазушылардың IV конференциясына делегат болып қатысты. 1967 жылы Ұлы Отан соғысындағы қасіретті жырлаған «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деген дастандар жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

Жұмекен Нәжімеденов – 2006 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі.


Ақынның туған ауданында бір ауыл және орта мектеп оның есімімен аталады. Қазақстан Республикасының астанасында "Ж. Нәжімеденов" атында көше бар. Ж. Нәжімеденов туралы «Жұмекен» атты деректі фильм және М. Азбанбаевтың «Менің Қазақстаным – Жұмекен» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Ақын шығармашылығы туралы Қ. Юсуповтың «Ж. Нәжімеденовтің ақындығы» деген монографиясы басылды. 2006 жылы ақынның өмірі және шығармашылық жолы туралы «Жұмекеннің жүрегі» деген естелік кітап жарық көрді.


2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты жыр жинағы үшін Жұмекен Нәжімеденовке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы (қайтыс болғаннан кейін) берілді.


Ж. Нәжімеденовтың жанұясы: зайыбы Мұстахқызы Нәсіп – зейнеткер. Жалғыз ұлы – Мағжан, қыздары – Әйкен, Қарлығаш, Тоғжан, Саида.







TOP-АВТОР