Жанат Әскербекқызы - ақын, филология ғылымдарының докторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1966 жылы 1-қаңтарда Шығыс Қазакстан облысы Тарбағатай ауданы Қарасу ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. 1982-87 жылдар аралығында Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазак мемлекеттік университетінің филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алған. 1987-1995 жылдары Шығыс Қазакстан облысы Тарбағатай ауданы Құйған ауылындағы орта мектепте мүғалім болып қызмет атқарды. 1995-2000 жылдары Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде аға оқытушы болды. 1999 жылы ҚР ҰҒА академигі С.А.Қасқабасовтың жетекшілігімен "Оралхан Бөкей прозасындағы мифологизм мәселесі" атты тақырыпта кандидаттық диссертация, ҚР ҰҒА академигі Р.Нұрғалидың кеңесшілігімен «Мифтің поэтикадағы қызметі(қазіргі қазақ поэзиясы арқауында)» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. 2000 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттык университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет істеп келеді.
Республикалық «АҚҚҰС» жыр мүшәйрасының (1993) жүлдесін алған. Шығармашыл жастардың республикалық «Шабыт» фестивалінің Гран-при жүлдегері (1999), Президент стипендиясының иегері (1999), Қасым Аманжоловтың 90 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының (2001), Республика тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай өткізілген мүшәйраның жүлдегері (2001), Қазақстан аграрлық партиясы тағайындаған Әбдіраштың Жарасқаны атындағы сыйлықтың лауреаты (2004), «Шығыс шынары» халықаралық жыр мүшәйрасының жүлдегері (2010, 2011). ҚР БҒжМ «ЖОО үздік оқытушысы – 2011» мемлекеттік грантының, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Күлтегін» төс белгісінің иегері.
Ғылыми қызығушылығы:
Фольклортану мәселелері, әдебиет теориясы, қазіргі әдеби үдеріс, ұлттық поэзиядағы жаңашыл ізденістер, әдеби интеграция.
Еңбектері:
Ғылыми еңбектер:
«Даңғыл». Ғылыми зерттеу. Алматы, 2007;
«Көркемдік өріс». Ғылыми зерттеу. Алматы, 2009;
«Мифтің поэтикадағы қызметі». Монография. Алматы, 2010;
«Әдебиет әлемінде». әдеби зерттеулер. Астана 2012;