Болат Шарахымбай 1960 жылы 3 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының Қазығұрт ауылында дүниеге келген.
Осы ауданға қарасты Қақпақ ауылындағы «Қызыл-таң» орта мектебін бітірген соң, әртүрлі жұмыстар істеген. Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті филология факультетін бітірген. Еңбек жолын 1985–1987 жж. Алматыдағы №44 спорт мектебінде қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі болып бастаған.
1988–1990 жж. республикалық «Өркен – Горизонт» газетінің Парламенттегі тілшісі, бөлім редакторы, 1990–1993 жж. ұлт газеті «Ана тілі» басылымында тілші, бөлім редакторы, 1993–1996 жж. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында әдебиет бөлімінің редакторы, 2000–2008 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы, редакция меңгерушісі, «Әдебиет айдыны» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары секілді жауапты қызметтер атқарды.
Қазір Абай атындағы ҚазҰПУ-дің жанынан шығатын «Абай университеті» баспасының бас редакторы болып қызмет істейді.
Алғашқы шығармалары республикалық баспасөз беттерінде 1978 жылы жарық көрді. А.С.Пушкин, Андре Жилуа, С.Хусейн, тағы басқалардың шығармаларын тәржімалаған. Өлеңдері түрік, орыс тілдеріне аударылған.
Қазақтың соңғы ханы, жалынды күрескер Кенесары Қасымұлы атындағы әдеби сыйлықтың, Бүкіл Түркі дүниесі ақындары фестивалі (2004), Қазақстан Журналистер одағы (2006), «Жалын» журналының Ғ.Мүсірепов атындағы, «КазТрансОйл» компаниясы мен «Комсомольская правда» газеті сыйлықтарының лауреаты. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен (2006) және Ұлы Отан соғысының 60 жылдығына орай Ресей әскери қызметі және соғыс ардагерлері тағайындаған Жеңістің мерекелік естелік медалімен марапатталған (2005). Қазақстан Гуманитарлық Ғылымдар академиясының академигі (2008).
Шығармалары: Рухтың оралуы. Өлеңдер, Балладалар, поэма. А., «Арыс», 2003; Жаным – жанартау. Жыр кітабы. А., «Арыс», 2005; Қазығұрт ғазалдары. Лирика. А., «Жазушы», 2008; Туған жерге туың тік. Публицистика, эссе. А., 2009.