Айсырға Қилыбаева
Айсырға Қилыбаева

Айсырға Қилыбаева (1949-2012). 1949 жылы 15 желтоқсанда Маңғыстау ауданына қарасты Шайыр елді мекенінде дүниеге келген. Негізінен Бейнеу ауданындағы Сам өңірінде өскен. Ақтөбе мәдени-ағарту техникумын, Қазақ қыздар педагогикалық институтын бітірген. Мамандығы – мәдени ағарту қызметкері.

1969 жылы жаңадан құрылған «Сам» совхозында мәдениет үйінің меңгерушісі болып еңбек жолын бастады. 1973 жылы Бейнеу аудандық мәдениет бөлімінің шақыруымен аудандық кітапхананың құрылуына байланысты қызметін ауыстырады. 1980 жылы Маңғыстау аудандық балалар кітапханасын басқарады. 1984-1986 жылдар аралығында Маңғыстау аудандық мұражайының іргетасын қалап, аудан еңбеккерлерінің құрметіне бөленген. 1987-1989 жылдары облыстық балалар кітапханасында, 1989-1993 жылдары облыс орталығындағы №11 орта мектепте библиограф болып қызмет істеді. 1994-1996 жылдары Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы міндетін атқарды.

Айсырға Қилыбаева кәсіби қызметімен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді болды. 1970-1973 жылдар аралығында «Сам» совхозында цехтық комсомол ұйымының хатшы қызметінде жүргенде науқандық жұмыстарға ауыл жастарын ұйымдастырып, үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Бірнеше дипломдармен, грамоталармен марапатталды. 1970-1975 жылдары «Жаңа өмір» газетінің штаттан тыс тілшісі болып жүргенде «Қыз намысын ойласақ..» деген айдар ашып, осы айдардың тұрақты жүргізушісі болды. 1980-1985 жылдары Маңғыстау аудандық мәдениет қызметкерлері әйелдер комитетінің төрайымы болып сайланды. 1989-1992 жылдары «Парасат» қоғамы жанындағы «Тамшалы» әдебиет және өнер бірлестігінің жетекшісі болып, Сайын Шапағатовтың қолдауымен алғаш рет облыстық «Мұсылман әйелдері» сайысын ұйымдастырды. Республикаға белгілі таланттар – ақын Фариза Оңғарсыновамен, күйші Мырзағұл Панаевпен, жыршы-термеші Жақсылық Елеусіновпен, т.б. халық кездесулерін өткізді.

Ол тағдыр тауқыметін көп тартты. Жастайынан сүйіп қосылған жан жары – Ысан (Сайын) Қосбармақов мезгілсіз қайтыс болып, артында қалған үш перзентін өсіріп, жеткізу міндеті өзінің мойнына жүктелсе де, ауыртпалықты қайыспай көтеріп, азамат ерлерше күресе білді.

Айсырға Қилыбаева – Маңғыстау өңірінің мәдени-ағарту, идеология саласында өзіндік орны бар танымал қайраткер, талантты қаламгер. Екі рет ұжымдық жинақтарға өлеңдері енді. 2004 жылы «Жыр-дәурен» атты көлемді өлеңдер жинағы, 2009 жылы «Өткен күнде өрнек бар» атты өмірбаяндық естелік әңгімелер топтамасы жарық көрді. Өлеңдері мен мақалалары, әңгімелері облыстық, республикалық басылымдарда жиі жарияланып тұрды.

Айсырға ақын 2012 жылы 22 қарашада ауыр науқастан қайтыс болды. Артында елі сүйіп оқитын бағалы, бай мұрасы – отты өлең-жырлары қалды.




TOP-АВТОР