МӨЛДІРЕГЕННІҢ БӘРІ – СІЗ...

БЕТХОВЕН. «АЙ СОНАТАСЫ»

 

Елегзітпесін ессіз түн,

«Ай сонатасын» қой, панам:

өмір өзгеше айтар сыр,

өмір өзгеше айтар ән;

адыра қалар сөз бен тіл,

арыда ойын-той қалар;

төменнен қара Жер қарар,

төбеңнен сары Ай қарар;

қоңыр қонжықтай бұлттардан

қоңырдан қоңыр ой тамар;

шам жарығынан дене ысып,

құс қанатынан бой тоңар;

әп-сәтте уыз сезімің

ақ жұмыртқадай шайқалар;

жалпыдан қалған көңілің

жалқы қалғаннан жай табар –

Қайтадан, тағы қайтадан,

«Ай сонатасын» қой, панам!

 

СІЗГЕ

 

Сізбен бірге жүрген уақыттың

мөлдіреген тамшыдай,

жәудіреген ботаның көзіндей моншақтарын

үлбіреген шәлідей жүрегіме орап,

жан адамға көрсетпей тығып қойғам.

Жалғыз қалсам жан адамға білдірмей

соны ғана алданыш қып отырар едім.

Қара мақпал түннің жанарындай айдың сәулесіне,

шам жарығына ойнатып,

шашу етіп шашар едім:

түнгі қала аспанындағы көңілді фейерверк пе;

теңіз табанындағы отты тетра балықтарының салтанат биі ме;

ұста балғасының астындағы шоқ ұшқындары ма;

сіздің шәйі көйлегіңіздің етегін көмкерген жылтырақ әшекейлер ме?..

Әйтеуір, әлем нұрға шоматын.

Нұрға шомып отырып күлер едім –

тапқаным үшін қуанғаным ба?

Жылар едім –

жоғалтқаным үшін өкінгенім бе?

Сағынар едім –

сағыныш жасын көктемгі сергек желдің өзі құрғатып үлгере алмас еді.

Бірте-бірте жан азабы айнымас дертке алмасатын.

Дерт менің мәңгілік тыншымайтын қимас әніме айналатын.

Тыншымай, тынбай, үздіктіріп, үзілтіп шырқалып жататын.

Сол сәттегі әсершіл жүректің күйін айтсаңызшы:

сыған гитарының әуезді ішектеріндей ме;

бұлбұлдың көмейіндегі нәзік бүлкілдей ме;

гүлмен ойнаған көбелек қанатының тербелісіндей ме;

сіздің қас қағысыңыздай ма?

...Сізбен бірге жүрген уақыттың

мөлдіреген тамшыдай,

жәудіреген ботаның көзіндей моншақтарын

үлбіреген шәлідей жүрегіме орап, аялап сақтап жүрмін.

Жан адамға көрсетпеймін.

Жан адамға білдірмеймін.

Тек өзіңіз келсеңіз көрсетем.

Тек өзіңіз келсеңіз білдірем.

 

 

КӨКТЕМСІЗ...

 

Иірімнен күлкі үйіріп,

дір ете қалып, толқындап,

үзіле бере құйылып,

рауандай ойнап, жарқылдап –

әйнекке қонған мөп-мөлдір,

гүл мойынына ілінген

моншақтарынан көктемнің

сізді көрдім ғой бүгін мен!

Тоңазып түнгі жаңбырдан,

көктемгі шықты таң ата

теріп жүр екем, қалдырған

сіз екен деймін, о, ботам!

Терезедегі лағыл шық,

бәйшешектегі лағыл шық –

жан нұрымменен шағылысып,

таңымнан әр кез табылшы!

Қараймын көкке мейірмен,

мөлдір аспанның әні – сіз.

Қараймын жерге мейірмен,

мөлдірегеннің бәрі – сіз.

Сізге айналып кетті енді

дүние мынау, не қылам?..

Сіз деп ағады көктемгі

көзімнің тамшылары да!

 

 

 ЕСТЕЛІКТЕР

 

Естеліктер – көктемді ойлап құса толы өміріңді ұзарту;

естеліктер – өткен жаз бен қайтқан қаз һәм кеткен жар;

естеліктер – ләззаты мол азаптарға құмарту,

неткен у бұл, неткен бал?!

Естеліктер – ақыр соңы батар күндей, көлеңкедей жоғалар,

тамызықтап жанған аспан астындағы сенделу;

естеліктер – шыр-шыр етіп көкірегіңді паналар

сағынышпен емделу;

Естеліктер – уақыт пен сезіміңнің тұтқынынан шыға алмау;

естеліктер – той, қуаныш, мұң, өкініш, үрей, кек;

естеліктер жүрегімнің күл-паршасын шығарды-ау,

уатқандай шыны әйнек!

 

 

АЛМАТЫ ВОКЗАЛЫ

 

Алматы вокзалы.

Жол – тарау, терісайырық.

Түн.

Шойын рельстер тыншыған.

Тыншыған дүниенің көкірегін қарс айырып,

перронда ән айтты бір сыған.

Ән айтты бір сыған, көңілімді босатты –аққудың дауысы сыңсыған.

Көзімнен шым-шымдап ып-ыстық жас ақты,

жас деймін өртеген мұң шығар?!

Өртеген мұң шығар – жанымның у-балы,

бөлісіп ішуге кім шыдар?

Кім шыдар, ойладым мен өзің туралы,

кімді ойлап тұр екен бұл сыған?

Алматы вокзалы.

Жол – тарау, терісайырық.

Мұңға құл – бір қазақ, бір сыған.

…Дерт алған әсершіл жүректі қарс айырып,

беу, ғұмыр, бір күні тыншығар

 

 

ДЕ ЖА ВЮ

 

Жаңбырлы күз жеткен кезде

жолығыстық, тағдыр ма?

Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде –

жас па, әлде, жаңбыр ма?

Жаңбырлы күз жеткен кезде

Айырылыстық, тағдыр ма?

Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде –

жас па, әлде, жаңбыр ма?

Өрекпіген өтті кез де,

Жас құрғаған, жаңбыр да...

Бірдеңе мөлт етті көзде,

бұл не тағы, тағдыр ма?!

 

ТАЛҒАТ ЕШЕНҰЛЫ