МЕХРИДДИН ӨТЕГЕНОВ. ЕРТІС АҒЫП БАРАДЫ ОРТАМЫЗДА...

 

АҚПАНДЫ ЕРТЕ ШЫҒАРЫП САЛУ


Ақпан. Ақпан
. Ақ боран ақпан да өттің,
Жалғыздықты жазмышқа жаттанды еттің.
Құмдай шашып басымды қайда ұрайын,
Бір жанашыр жаныма тапқан жоқпын.

Алақанда ериді жауған аққар,
Жалғыздығым көшеңде қаңбалақтар.
Семей саған кім айтты бақытты деп?
Сенбе оларға барлығы жалған ақпар!

Ойларымды бөледі қар дауысы,
Тұншығады ішімде жан дауысым.
Сұлу қыздың қараймын көздеріне,
Сұлулықтан көз жазып қалмау үшін!

Сұлулар өлеңсіңдер әр бірлерің,
Жұлар ем сендерге арнап жан гүлдерін,
Мен жайлы ештеңе де білмейсіңдер!
Мен сендерге ғашықпын бар білгенім.

Ей, жігіттер келіңдер дос болайық!
Ашыңдар құшақтарды досқа лайық,
Шаттықта бір адамдай бақыт тауып,
Қайғыда бір жыласар жас табайық!

Қайдам, мені ұға ма қала мына?
Жармаса берем неге балағына?
АҚЫН деген жалғыздық, жарым жүрек,
Жас толтырып жүретін жанарына!

Көше,
Жолдар,
Адамдар танымайтын.
Таныстыққа болдым ғой жарымайтын.
Кенеттен біреу маған дей қалса ғой,
«Жара салған, жалғызым, жаныңа-ай кім?»

Десе біреу!?
Демейді! Кім аясын.
Көше бойлап көп жүріп,
мұңаясың.
Өксік келіп тұрады өрттей қарып,
Жылап алғың келеді! Тыңаясың!.

Жалғыздық осы екен ғой, жырық табан,
жанына жан бар ма екен жуытпаған?
Шәкәрім даңғылында даңғырлатып,
Барабан қып басымды ұрып барам!
…ояныңдар!

 

ЖАЛЫҚТЫМ

 

Қайтейін қарағаным,  қалағаным,

Қасыңдай қара түнге қамаламын.

Жалықтым,  жыр оқудан ақын құсап,

Жалықтым,  жетпейтіндей саған әнім.

 

Жалықтым хат жазудан,  хат беруден,

Қызғанудан қызыққан жат көңілден.

Ойларыңды мен жайлы білу үшін,

Қалағанын құрбыңның ап беруден.

 

Жалықтым тар  көшеңде сенделуден,

Үңілуден үй жаққа  сен көрінген,

Гүл-сырыңды аңқытып ала қашқан,

Желкен көңіл желбіреп желге еруден. 

 

Сезім жайлы сызылтып ән айтудан,

Ойланудан сөздерге сен айтылған.

Жалыққаным жым болып,  жыр оқимын,

. . . Mайысады  беліңдей жаңа ай туған…

 

Қолымды созғаныммен қорықпай шын,

Назданшағым жол үсті жолықпайсың.

Жалықсаң да баз кешіп барлығынан

Сүюден жалықпайсың ! (керемет, ә)

 

* * *

 

Мен неге көңілсізбін?

Көктем келді.

Көңіліне гүл тағып көк пен жердің.

Есінде де жоқ шығар, есім кетіп,

Есігінің алдына көп келгенмін. 

 

Ауасына аңсар жоқ көктеменің,

Сүймесе де разымын көктем ерін.

Елестеткім келмейді ертеңімді,

Өткенге де келмейді өкпелегім.

 

Үндемеймін,  өзіме үнсіздігім,

Ойсыздық па,  білмедім,  мұңсыздығың?

Өзгере алмай келемін,  о несі екен?

Елеуінен өтсем де мың сүзгінің.

 

Ештеңеге зауқым жоқ,

(...Пәруана...)

Жалықтырып жіберді мені ғалам.

Барлығынан бас тартып,

Шексіз,  шетсіз ойлағым-ақ келеді

Сені ғана…

 

БОСАҒАҢДА

 

Ай бардым,  жылда бардым, ғасыр бардым,

Еңірермін есігің ашылған күн.

Аңсаумен арманды аппақ,

Ал түсімде,

Мойыныңа алқадай асылғанмын,

Қойыныңда жұлдыздай шашылғанмын.

 

Желкелеп жел әкелді желпін деді,

Жүр-жүрлеп жол әкелді серпіл деді,

Есінеп ескі үйіңді күнде аңдимын,

Көріспесек ендеше көр қыл мені.

 

Ауыр қайтқым келмейді,  жеңіл барып,

Барыңа сендім екен сенің нағып?

Кеше мен соңғы сенім артқан едім,

Көшеңнен ұзап барам көңіл қалып.

 

Ай тыншыған,  бұл үйің жыл тыншыған,

Жасар дейсің тар үйде кім тұншыға?

Үйіңнің бұрышында ішің пысып,

Өліп қалған шығарсың,  мүмкін,  сірә?

 

*  *  *

 

Құрбың куә ынтықпын, ынтызармын,

Сені көріп ұмыттым мұңды, зарды.

Өзіңді ойлап жатырмын түн ішінде,

Өзіңді ойлап тағы да күн қызарды.

 

Жүрмін бүгін  құрбыңа сырымды ашып,

Сөз аңдиды жұлдыздар жымыңдасып.

Айғада айтқам айғайлап, бәрін-бәрін,

Демеді ме, “өзіңе бір ұл ғашық”?!

 

Көңіліңді шіркін-ай тапсам, қане?

Сыр айтпаған қасымда дос қалмады.

Самала жел сырымды ала қашып,

Саған жетпей болдырды, ақсаңдады.

 

Кінәліме ұқпадым бала басым,

Келмейтін-ай айтуға шамам осы.

Тілін жұтып, Тәңір-ай мен секілді,

Сені көрсе бәрі үнсіз қалады осы…

 

ТҮСІМЕ КІР…

(М.Юсуфтен )

 

Көбелектейін қасыңа қонып,

Көзіңе телмірсем өмір де өтпейді.

Арманда қалам асыға барып,

Шашыңды өруге қолым жетпейді.

Тағдырым жазған,

Түсіне білгін.

Сағынып жүрмін түсіме кіргін.

 

Әр басқан ізіңнен көз алмай келем,

Көйлегің етегін сүйеді гүлдер,

Көңліңді көктем таба алмай келем,

Отыңа мендей күйеді кімдер.

 

Асығып барады бұл өмір – өзен,

Жүрегім соғар қоңыраулатып.

Жағасын жанның бір өмір кезем,

Күлімдеп қойшы көңіл аулатып.

 

Көбелектейін қасыңа қонып,

Көзіңе телмірсем көңіл көктейді.

Құлазып қалам асыға барып,

Шашың тарауға қолым жетпейді.

Тағдырым жазған,

Түсіне білші.

Сағынып кеттім түсіме кірші.

 

 *  *  *

 

Ботам,

Мен кіммін,

Адасқан пенде ме екем?

Қу басымды қай тұсқа дөңгелетем.

Жарығым-ау жалғанға жарты күндік,

Менде бөтен,  Ботам -ау сенде бөтен. 

 

Ботам…

Не білесің?

Не білем?

Не білеміз?

Өзі жұмбақ өмірге көнігеміз.

Өткеннің өрттей ыстық өкінішін,

Еміс-еміс еске алып егілеміз.

 

Ботам…

Бесігінде даланың тербетілмей,

Қиял кешіп жүрсің бе сенде түнде. Ой…

Басымның аяқ асты ауырғаны-ай,

Кешкілік бөлмем іші желдетілмей.

 

Оны қойшы!

Келмейді шерден өлгім,

Бір адамдай шатыққа шөлдегенмін.

Өзіміз дәл осылай өтеміз-ау,

Тілеуін тілеп жүріп өлмегеннің.

 

Ботам…

Телміреміз неліктен түнгі аспанға?

Түн қойнында не жетсін сырласқанға.

Дәл сендей сенеді екен кім құрбыға?

Дәл мендей сенеді екен кім достарға?.

 

Ботам…

Тағдыр деген шимай ғой!

Маңдай-дәптер!

Сол үшінде санаңда сарнайды, “әттең!”

Сәтінен сол жазмыштың бақыт таппай,

Дәл өзіңдей дерттенер жанды ойлап пе ең?

 

Ботам…

Жаза басып жазықсыз жылайды арым,

Кімге керек түн іші мұңайғаның(м).

Алданышы көп екен адамазаттың.

Ұмытып кете берем құдай барын.

 

Ботам түс көрдім мен,

Өлеңдерім бүктеулі қалтаңызда!

Өлең қайдан түскені қалтаңызға?

Жағалауда біз тұрмыз тас лақтырып.

Ертіс ағып барады ортамызда.

“Ботам…

Ботам…

Ботакөз,

Көзі мөлдір.”