ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ. БІЗДЕР ДЕ ҒАШЫҚ БОЛҒАНБЫЗ...

БІЗ ӨТКЕНДЕ...

 

Бiз өткенде жылама да жоқтама,

«Ақын едi!» - десең, - жетер жоқ баға.

Күнәмiздi Құдай өзi кешiрер,

Кешпей жатса ара түсiп, ақтама.

 

Бөлеу артық үлде менен бүлдеге,

Керегi жоқ көмiп аза гүлге де.

«Ақын едi!» - дей сал,

айтсаң бiрдеңе,

Одан жылы сөз таппассың - үндеме.

 

Кетерi бар

Келдi деме несiне,

Көк аспаннан көп iздеме тесiле.

Жылама да, жоқтама да, ойлама...

Өзiмiз-ақ түсермiз бiз есiңе.

 

Зар емеспiз заңғар биiк мүсiнге,

Жыр оқысақ жарар кейде түсiңде.

Жылау,

жоқтау,

еске алу да,

бәрi бар

«Ақын едi!» - деген сөздiң iшiнде.

 

ЭПОСҚА ЕЛIКТЕУ


Сүйгенiң қандай дейсiң сен:
Күндi көр де - өзiн көр,
Түндi көр де - көзiн көр.
Айды көр де - қасын көр,
Дарияны көр де шашын көр.

Ай мен жұлдыз, күн - бәрi
Жiп есе алмас жолына.
Перизат, хордың қыздары
Су құя алмас қолына!

Мұнтаз мінез, шырақ ой,
Талшыбықтай тұла бой.
Балауыздай бал ерін,
Бұл қызды сүймеу күнә ғой!?.
...Сүйгенiң қандай дейсiң сен!

СЕНІ ҒАНА СҮЙЕМІН


Сені ғана сүйемін, бір өзіңді,
Қылығыңды сүйемін, мінезіңді,
Сағыныштың сан батпан салмағынан,
Жүз шаншылып жүрегім, мың езілді.

Есіміңді еске алып күбірлесем,
Таңғы түстей тәтті бір ғұмыр кешем,
Сезінбес те ем тамшының тереңдігін
Сезіміңе мен сенің үңілмесем.

Қадалып бір қарасаң үндеместен,
Сұм дүние шығады мүлдем естен,
Тақта отырған тәкаппар тағдырымды
Қияр едім жолыңа дым деместен.

Алыстасаң - аңсаймын, аласұрам,
Тағат тасып, шығады сабасынан,
Жүрегімді тек сенің сөзің ғана
Жазар еді сыздаған жарасынан.

Сені ғана сүйемін!
Бірақ, жаным,
Сүйіктің боп мәңгі өмір сүре алмадым,
Қараңғыда тауып ап тұтатарсың,
Түнде сөнген жүректің шырағданын...

 

* * *

 

Күн,

Саған,

Мұң шағам:

Тіршілік– тым сараң.

Кеш түсе жауығар

Неліктен мұнша адам?

 

Күн,

Саған,

Мұң шағам:

Ой – жүйрік,

тіл – шабан.

Дүние – мәні жоқ,

Дәні жоқ құр сабан.

 

Күн,

Саған,

Мұң шағам:

Пенделік құрсаған.

Қанатын қаға алмас

Тумыстан тұмса жан.

 

 Күн,

Саған,

Мұң шағам,

Жыр жазам, күй шалам.

Байлығым – Көлеңкем,

Бас-көз боп жүрші оған!

 

БҮКIЛӘЛЕМДIК ТАРТЫЛЫС ЗАҢЫ

 

Шығармай тысқа тартып ұстадым,

 Сезiмнiң ыстық шарпылыстарын.

 Көрдiм де сенi, Мойындап қалдым

Бүкiләлемдiк тартылыс заңын.

 

Көрсоқыр болдым көрдiм де сенi,

Қаперге кiрмей елдiң де өсегi...

Жынданғам жоқ па?

Ауылда маған:

«Жасыңда жынды болдың» деседi.

 

Самолеттердiң салондарында,

Астаналардың алаңдарында,

Ескерту алмай жүре алмас болдым,

Өмiрде сендей адам барында!

 

Өзiмнен-өзiм күлемiн кейде,

Сiлкiнген жердей жүрегiм бейне.

Мынау жұрт мүлдем жайбарақат қой,

«Сүймей-ақ өмiр сүремiн» дей ме?

 

Себепсiз сағат санап қаламын,

Қалайша сенсiз тағат табамын?

Өзiңдi ойлап, Өзiме бойлап,

Таусылмас томдай парақталамын.

 

Қиялда бiрге қонып-ұшамыз,

Сабылысамыз, сағынысамыз...

Бары рас болса тартылыс заңы

Түбiнде бiздер жолығысамыз!

 

БIЗДЕР ДЕ ҒАШЫҚ БОЛҒАНБЫЗ

 

Сызданба, тағдыр сызданба,

Бұйырған бақты қызғанба.

Елiктей ерке қыздарға

Бiздер де ғашық болғанбыз!

 

Лапылдап жүрек ұмтылып.

Көңiлге мөлдiр мұң тұнып,

Iңкәр боп ыстық ынтығып,

Бiздер де ғашық болғанбыз.

 

Елiтiп әсем еркелiк,

Шырындай тәттi шер төгiп,

 Өле де жаздап өртенiп,

Бiздер де ғашық болғанбыз.

 

От сезiм бойды мас қылып,

Кей уақта басты тасқа ұрып,

Бейуақта көзге жас тұнып,

Бiздер де ғашық болғанбыз.

 

Бiр ауыз сөзден суынған,

Бiр ауыз сөзден жылынған,

Күйiп те жанып шыбын жан

Бiздер де ғашық болғанбыз.

 

Аспанда маздап, лайым,

Алмасып жатса күн, айым,

Бұйыртар болса құдайым,

Әлi де ғашық болармыз!..