БЕРДІХАН БАХАРГҮЛ. МОНТИ

Мысықтың көзіндей сүркейлі түн дір ете қалды. 

         Мені «ұйықтап қалдыға» санап, қалтамды үптеп кеткен әнеу бір сылқымды көшеден көруіңіз мүмкін емес. Оны «Монти» деп атаймын, ол да мені «Монти» деп атайды. Өзін солай таныстырған да, жауабымды күтпестен сіз де «Монтисіз» дей салған. «Монтиына» «Монтиымды» сұққызса болды ғой, келісе кеттім. Көп ұзамай оның құдайына айналып бара жатқанымды сездім. Сездім де, ертеңгі істеріне, бүгініне, өткеніне үнсіз үңілдім. Құдай секілді. Ол ертең беймәлім құдықтың жанында күшікке су береді топылайымен. Бүгін – түн ортасына дейін монтиластық. Өткенін баян етейін, құдай секілді үнсіз бақылап отырыңыз!

*  *  *

         Қуықтай бөлменің қай бұрышына барса да, перденің түріліп қалған шетінен жұдырықтай саңылау тауып, мысықтың көзіндей сүркейлі түн үрей бүркіп тұр. Жұдырықтай саңылаудан әлдеқандай құбыжық шыға келіп, бұған тісін ақситып тұра жүгіретіндей. Айнаш қайтадан төсегіне барды, оң жағында бейқам ұйықтап жатқан сіңілісін тас қып құшақтап алды. Әлгі құбыжық мұның сол қапталына ақырын ғана жатып, шашын сипады. Айнаш көзін тарс жұмып қатты да қалды. Ауа жұтпады, тыныстамады. Бұған дәл қазір ауа емес, ұйқы керек еді. Тура он жыл бұрынғыша, анасының бауырында сүтке әбден қанғаннан кейінгі ұйқы. Әкесі қорыққанда айтасың деп түсініксіз бір сөзді үйреткен, онысы ауызына түспей-ақ қойды. Әдепкіде әзірейілдей бәле бас салайын дегенмен, жанына жантайған соң мұның жалғыз өзін місе тұтпаған сияқты, бөлменің ішін айналып жүре бастады. Тық-тық. Адамның жүрісіне мүлде ұқсамайды. Тық-тық. Есіктің алдында сәл аялдап, сіңілісінің қасына асықпай жақындады. Тық-тық. Пырр-пырр етеді өзі. Кірпігі енді іліне бергенде Айнаш түкті қолдың саусағына тигенін сезіп, шошып оянды. Жан ұшыра айқайлап, «түкті қолды» сілкіп тастады. Ол тырнап үлгерді. Қалай шыңғырып жібергенін өзі де білмеді. Кенет бөлменің жарығы жанып, ұйқылы-ояу анасы жетті жанына. Ашық тұрған есіктен мысық зып берді. «Шошыттың ғой, қызым. Аманбысың?».  Іле-шала әкесі кірді. Қолында өткенде жұмысынан әкелген, жақтауларын біртүрлі оюмен әдіптеген, түсініксіз жазу жазылған картина бар.

– Төрге осыны іліп қояйық деп айттым саған! Жын-сайтаннан сақтайтын қасиетті сөзді ілгізбеп едің, әне, қызың қорқып жатыр, – әкесі осыны айтты да, бұрқылдап жүріп қабырғаның қақ ортасында ілініп тұрған домбыраны түсіріп, орнына қолындағысын ілді. Алақанын ысқылап үш рет үрледі де, екі қызының маңдайын, беті-қолын сүрткендей ишарат қылды. Айнаш солқ-солқ жылады.

– Ана тесіктен құбыжық шығып, қолымнан ұстады.

– Қорықпа, жаным, қорықпа. Өзің жақсы көретін мысық қой ол, сенімен ойнайын деген де, – деді анасы.

– Тырнап алды жаман мысық. Енді оны жақсы көрмеймін.

– Олай деме, қызым. Мысық – қасиетті жануар. Пайғамбардың өзі жауырынынан сипаған, – деді әкесі. – Дым да қылмайды, қазір томпиып ұйықтап қаласың.

         Әкесі терезені қымтап, өз бөлмесіне кетті. Анасы екі қызын екі жағына алып, ұзақ ыңылдады. Айнаш әкесі әлі көзін ашпаған қап-қара марғауды әкелгенде қалай қуанғанын ойлап, мысыққа қатты ренжіді. Өкси-өкси дымы құрыды. Талықсып жатып, қап-қара әлемнің құшағына құлады. Ұйқы жеңді.

 

*  *  *

         Қарашекпен ауылының маңдайына біткен жаңғыз тас жол тұтас жұртты қақ жара жөңкіліп, теңіз жағалауына тұмсығын тіреп тоқтайды. Қос қапталындағы қаздай тізілген электр бағандарын санап жүрмесеңіз, айналаңыздан көз тоқтата қоярлық басқа түк таппайсыз. Айтпақшы, жаздыгүні теңіз барсаңыз, қайтарда шөл қысатыны бар. Қысылмаңыз. Алдыңыздағы оңға бастайтын бірінші бұрылысқа қоя беріңіз. Ұмытпаңыз, бір-бірінен аумайтын алты үйдің екіншісінде аңқылдаған қара қыз тұрады. Тоғыз-он жас шамасындағы сол қыз есігінің алдында сіңілісін ойнатып жүреді. Сүйкімді-ақ. Аты – Айнаш. Оған қалай жақындаймын деп ойланбасаңыз да болады, ол сізді көрсе сонадайдан сәлем береді. Ымдай салыңыз, ол үйіне лып етіп кіріп, зып етіп шығады. Бір бақыраш суын сізге ұсынып жатып тағы да сәлем береді. Бірақ қазір суға түсетін мезгіл емес қой, алдағы уақытта керегіп қалар деп айтып жатқаным-дағы.

         Көкек айы. Күн теңізге еңкейіп, көкжиекке жалқын сәуле таратқан. Күнбатыстан соққан жел балық пен теңіз балдырының иісін желкелеп алып алты үйді айналып кезіп жүр. Ойын қызығына түскен апалы-сіңлілі екеуін анасы кешкі шайға шақырды.

– Әкелеріңнің жұмыстан келетін уағы болды. Шаршап келеді. Мазасын алмай, сабақтарыңды даярлаңдар, – деп анасы Айнаш пен Кәмиләға кезек-кезек қарады. Айтып ауыз жиғанша дәлізден әкелерінің дауысы естілді. «Қыздарым қайда менің?». Орындарынан атып тұрып, екеуі екі жағынан жабыса-жабыса кетті.

– Жәй-жәй. Сендерге күшті сыйлық әкелдім. – Үшеуі қатарласа ас үйге кірді. Әкесі ішінде әлдене мазасыз шиқылдап жатқан қорабын түсіріп, еппен төңкерді. Марғау! Жаңа туған сүлік қара марғау. Көзін ашып үлгермепті. Басында анасы да қызыға ентелей түсіп еді, ернін сылп еткізіп орнына қайта барып отырды.

– Осының керегі не?

– Неге керек емес екен? Қыздарым ойнайды. Оның үстіне, алдында ит асырайық деген өзің емес пе?

– Ол енді ит қой. Үйіңді қарауылдайды. Қалған тамақ бекерге ысырап болмайды. Сосын бар ғой, ит жарықтық осы үйде бала көп болса екен деп тілейді екен. Бұрын әжем айтқан. Бала көп болса, олардан қалғанын мен жеймін деп дәметеді-мыс. – Анасы сөйлеп жүріп шәйнегін отқа қойды.

– Ө-өй, сөзің бар болсын. Сен не білесің осы! Мысық – анау итіңнен жақсы. Мешітке кіре алатын жалғыз жануар осы. Ол ол ма, пайғамбар ұйықтап қалған мысықты оятып алмайын деп шапанының етегін қиған. Қасиетті болмаса пайғамбардың өзі не үшін құрметтейді?! Сөйлейді дегенге сөйлей бермей, шәй құй.

         Анасы орамалын түзеп-түзеп қойды да, баптап шәйін берді. Екі жақта екі қыз, төрде әкесі. Аққұман орталап қалғанда Айнашқа бір, қолындағы марғауға бір мейірлене қарап шып-шып терлеп отырған әкесі әңгіме бастады.

– Мысық деген жақсы ғой, қай жерің ауырса, сол жеріңе жата кетеді. Ауруыңды демде сорып алады екен. Ит сүйте ме, ал?

– Оның рас. Бірақ мысықтың қарғысы жаман деуші еді. Қайдан білейін, бұлар бала ғой. Ойнап жүріп, аңдаусызда мысыққа зақым тигізсе, болашағына кесірлі ме деймін. Бала демекші, әжем айтқан, мысық үйде бала болмаса екен, қожайыным тек маған ғана көңіл бөлсе екен деп тілейді екен.

– Осы ырым-жырымыңды қойшы, айналайын! Мына мысықтың түсінің өзін қарашы. Қап-қара. Қандай керемет түс! Қаймақтың құтысы босаса, қақпағына сүт құйып бер, сауап болады.

– Жақсы. Әйткенмен күшік асырағанымыз да жақсы еді, – анасы қулана жымиды. Жымиса, оң жақ езуінен бір елі төменде шұңқыр пайда бола кетеді де, күйеуінің көзі сол шұңқырға бір-екі рет аунап тұрады. – Әнеугүні күшік қатысатын оқиға айтып едің ғой, соны айтып берші. Жұмаққа кіргізетіні туралы.

– Ол енді... Қыздардың көзінше айтуға бола ма екен соны?

– Дәнеңесі жоқ. Құлақтарында қалсын.

Әкесі «қыздардың көзінше айтуға бола ма?» демесе, Кәмила Айнаштың қолындағы марғаудан басқа дүниені ұмытуға шақ қалған. Мысыққа жарасымды ат ойлап тауып, дастархан басында әке-шешесі мен апасына қойғызайын деген есек дәмесі. Әйтсе де естуге болмайтын әңгімеден құр қалсын ба?!

– Құдайдың мейірімі шексіз ғой, түйір жақсылығың үшін жұмаққа кіргізе салады. Мысалы, баяғыда бір жезөкше болыпты. Үмітсіз күнәһар...

– Әке, жезөкше деген не? – Айнаш тостағандай көзін марғаудан көтеріп, әкесіне қиыла қарады.

– Күнәһар дедім ғой, тыныш отыр. Содан не керек, жезөкше елсіз жерде келе жатқан көрінеді. Сөйтіп алдынан кішкентай ғана күшік шығыпты. Аштан бұратылып, шөлден тілі сыртына шығып кеткен енесіз күшік. Жанына барса, сәл әріректен құдықты байқайды. Жаңағы жезөкше сол құдықтан топылайымен су алып, күшіктің шөлін қандырыпты дейді. Осы ісіне риза болған құдай әлгі үмітсіз күнәһардың бар күнәсін кешіріп, жұмаққа кіргізіпті.

– Міне, көрдің бе. Мысықты пайғамбар құрметтесе, күшікті құдайдың өзі сүйген.

– Қой, сені жеңемін деп шамды қаза қып алармын. Намазымды оқиын, – әкесі дастарханнан тұрып, жатын бөлмесіне кетті. Анасы әлдене деп күбірлеп бетін сипады, қыздар да анасынан кейін бетін сипап, марғауды алып орындарынан тұрды.

         Мысықтың атын Монти деп қойды. Өткен жылы, мектеп табалдырығын аттағанда Кәмила Раяна есімді қызбен достасқан. Ол әдемі, пысық және алғыр еді. Апайлары сыныпқа Раянаны топ басшысы қылып сайлады. Қоңырауда топ басшысы сыныптастарына мақтансын: «Кеше шешем ұл босанып, атын маған қойғызды. Енді менің Нұрқасым деген інім бар!». Содан бері Кәмила анасына інім болса ғой деген арманын неше рет айтты. Негізі оның апа болғысы емес, ат қойып, кейін сыныптастарына мақтанғысы келген. Ал Айнашқа бәрібір, ол қалай атаса да, мысықтың мысық болып қана қалатынын түйсінеді.

         Монти ертеңгісін көзін ашты. Анасы оның тұздай көзінен қорыққанымен, күйеуінің күшік асыратпайтынын және марғауды далаға тастатпайтынын біледі. Екі қыз болса даланы ұмытты, күндіз-түні Монтидың артынан жүргені жүрген. Анасы жұмысқа кеткенде Кәмила мен Айнаштың құдайы береді. Әкелерінің шұлығын кесіп Монтиға «киім тігеді», анасының ақ орамалын жерге сүйретіп ойнатады – әйтеуір білгендерін қылады. Соңырақ «жазасын өтейді», әлбетте .

 

*  *  *

         Қай кезден бастап әдетке айналдырғанын білмейді, дегенмен Айнаш терезесі теңізге қарайтын ас үйге кірген сайын бөлменің оң жақ бұрышындағы тоңазытқыштың есігін әйтеуір бір ашатынды шығарған. Әдетте тоңазытқышты аша салысымен үш сөренің ең жоғарғысында тұратын сүтті өкшесін көтере, қолын созып алатын да, газға ысытып, мысықтың аяғына сыздықтата құятын. Бұл жолы олай болмады, ол кешегі түннен кейін Монтиды жек көруге тиіс. Өзі солай деген. Тоңазытқыштың есігін қалай мағынасыз ашса, солай мағынасыз жапты. Әкесі де, анасы да күніге бірнеше рет осылай тоңазытқыштың есігін мағынасыз ашып-жабады. Асылы, адам баласы бала кезде ыстыққа құмартқанымен, есейе келе суыққа үйірсек бола ма дейді. Әйтпегенде, Кәмиланың тоңазытқыштың емес, терезе жақ бұрышта орналасқан газдың астыңғы нан пісіретін пеш есігіне әуестігін басқа неге жорысын? Тіпті, пеш есігінің ашарда бір қиқылдап, жабарда бір шиқылдайтын дауысынан қарадай тітіркенетін бұған мұның мәні мүлдем түсініксіз еді. Айнаштың ойын дәліздегі әлдененің құлаған дыбысы бөлді. «Тұқымың құрымасын сенің». Бақса, Монти гүл құмырасындағы топырақты қазып жатқан екен. Оны анасы көріп, үркітіпті де, мысық секіремін деп құмыраны құлатыпты.

– Бәсе, тым жақсы баптап отырған гүл неге солып қала береді десем, мынаның салып жүрген лаңы екен-ау! – анасы еденді сыпырып жатып мұрнының астынан міңгірлеп жүр. – Бір емес, екі емес... бұл не деген бассыздық. Өзінің түзге шығатын қорабы құрып, гүлге тиісейін деді ме! Осы бәлені келгеннен-ақ жаратпап едім!

Кәмила жүгіріп барып мысықты алды да, құшақтап жатын бөлмесіне кетті.

– Кәмила, үйде жүгірме!

         Ертесінде Монти ұшты-күйлі жоғалды. Әкесі үйдің қуыс-қуысын, бұрыш-бұрышын, ауланы, қабырғалас көрші үйдің сарайын, одан әрідегі үйдің азбарын – бәрін-бәрін тінтіді. Жоқ. Мысық екені рас болса, ешкім мұртын киып тастамаса, ақыр түбі оралар деді де қойды. Әке-шешесі жұмысқа кеткенде Кәмила мен Айнаш көк теңізді еміп жатқан күре жолға түсіп, жағаға дейін із шалды. Одан теңіз жағалай жүріп сайға дейін қарады. Жер жұтып қойғандай. Сайды бойлап ауыл сыртындағы қорымға шейін жаяу кезді. Жоқ. Қанша қорықса да, қорым ішін аралап көрді. Жазда анасымен келгенде осы жердегілерден тек өз ата-әжелері мен нағашы ата-әжелерін ғана танитын сияқты еді. «Таныстардың» қатары көбейіпті. Өткен жазда дүние салған ауыл әкімінің баласын да таныды. Мазары қорымның шетінде бәрінен биік тұрғызылыпты. Оның шығыс бетіне қарай жүз қадамдай жерде түнекхана салыныпты. Айнаш пен Кәмила ол жақтан да таппады. Қайтарда қорымның солтұстығында құдық қазып жатқан адамдардан сұрады, мысық аңдып жүрмегендерін айтты. Үйлеріне келсе, анасы  бұлардың бөлмелерінде жүр екен. Көк тұман. Үйдегі есік атаулы айқара ашық. Адыраспанның түтіні екі қызды жан-жағынан қамап, шамандарша билейді. Айнаш пен Кәмила мұрындарын басып, жатын бөлмелерінің табалдырығынан аттай бергенде аналарының әкесі ілген түсініксіз жазулы картинаны түсіріп, орынына домбыраны іліп жатқанын көрді...

         Бірер күн көңілсіз жүргенімен, қыздар баяғы ойынына қайта кірісті. Кәмила анасына інілі болғысы келетінін ара-тұра ескертіп кетеді. Айнаш Монтидың суретін салып, тоңазытқыштың есігіне іліп қойды. Он жасар қыз салған екі аяғынан тік тұрған, сәнді көйлек киген сурет мысықтан гөрі адамға көбірек ұқсай ма, қалай? Дегенмен әлдене сұрай келген көрші-көлем орынды-орынсыз мақтай жөнеледі. Ондайда Айнаштың тостағандай көзі ұялғаннан бір сызық боп ыржия береді. «Түбі осы қыздан бірдеңе шығады». Жақында әкесі үшінші мүшелін толтырып, анасы алма қосылған бәліш пісірді. Иісі аңқып, буы бұрқырап шыққан бәліштің дәмін татқанда пештің қиқылдап-шиқылдап мазаны алатын есігіне де асқан махаббатпен қараған. Кейін ол да суретке айналды. Сөйтіп жүріп сабақтың екінші тоқсанын үздік тәмамдады.

         Әкесі қанша жақтырмағанымен жыл жаңарды, теледидарда шырша тойы тойланып жатты. Әкім-қаралардың құттықтау сөздері аудан газетінің бетіне қалың қар басқан далада шыршаны айнала билеген балалардың суретімен басылды. Әрине, бұл ғаламтор бетінен көшіріп алынған фото еді, әйтпесе Қарашекпенге қар қайда! Үскірік жел аяз үрлеп, саусағыңның ұшына дейін ауыртатын мезгілді ғана қыс дейді бұл маңай. Күн тас төбеде шақырайып тұрғанмен, электр жарығынан айырып алғысыз. Жылытып жарытпайды. Десе де, үйдің аты үй ғой, алқам-салқам ойнауға ұлықсат. Әке-шеше жұмыстан кеш келетінін ескерсек, жаңа жыл тойламайтыны қатты өкінішті де емес.

         Кәмила мен Айнаш әртүрлі ойын ойлап тауып, соның қызығымен қарындары ашқанын да ұмытып кетті. Олар әуелі «мамасы мен папасы болып», содан соң екі құрбының рөліне еніп қызықтады. Әсіресе, «екі құрбы» ойыны бұларға майдай жақты: үш бөлмені базар қып аралады, дәлізде қалада қалай қыдыратындарын көрсетіп жүрді. Соңында жатын бөлмелерінде «би кешін жасады». Кейін ол ойыннан да жалығып, спортшы қыздардың образына кірді. Алайда бар қызықты терезе сыртындағы тасыр-тұсыр желмен қатар естілген аянышты үн бұзды. Баланың жылағаны секілді тым жіңішке және үрейлі үн. Екеуі тына қалды. Мысықтың дауысы екен. Дереу күртешелерін киіп, сыртқа шықты да, үйді айналып, өз бөлмелерінің терезесінің алдына келді. Қап-қара мысық серейіп... «Монти! Апа, мынаны қара! Монти!». Айнаш Монтиды көтеріп үйге кіргізді. Ойда жоқта келген қара досы қарны ғана көтеріліп-басылып қимылсыз жатыр. Мияулап жан шақырады.

– Ол енді өле ме? – Кәмила жыламсырап тұр.

– Өлмесе екен! – кімге, неге қаратып айтқаны белгісіз, Айнаштың үні жалынышты естілді.

– Әкем келгенде алдынан жүгіріп шықса қуанып қалар еді... Тіріле ме екен?

– Сен барып спортшы болуға дайындала бер. Мен де қазір артыңнан барамын. Уайымдама, қазір бәрін қатырамын.

         Мысығының тірілетінін естіген Кәмиланың бетіне қан жүгірейін деді. Күртешесін шешіп бөлмесіне жөнелді. Айнаш ас үйдегі пешке жақындады. Монтидың денесі сұп-суық, қарнының да көтеріліп-басылуы сиреген. Өткен жолы ауызына түспеген түсініксіз сөзді біреу құлағына сыбырлады.  «Піссімілләкиррақманиррақим».  Пештің есігін қиқылдатып ашты да, мысықты төрт бұрышты қара табаға салды. Пештің есігін шиқылдатып жауып, жоғарырақтағы бес дөңгелектің ең біріншісін бұрап жіберді. Анасының осы пешке нан пісіргенін талай көрген. Алдымен дөңгелекті бұрайтын, пештің ішінде болмашы жарық пайда болып, тоқтағанда өзі қоңыраулатады.

         Айнаш пештің алдында көп кідірмеді, аяқ асты сап ете қалған ойына  мәз боп Кәмилаға барды. Бір-бірімен жарысып шпагатқа отырды. Аяқтарының ұшымен кім ұзақ жүреді деп бәстесті. Шкафтың түбінен секірмек алып секіріп ойнады. Ұза-а-ақ секірді. Соңына таман екеуі ғана секірмеді, ас үйде тағы біреу «спортшы ойынын ойнады». Мұны екеуі қатар естігенімен, құйқаның иісін бірінші Айнаш сезді. Қыс түсе әкесі соғым сойған-тын. Қойдың басы мен сирақтарын үйіткенде дәл осындай иіс шыққан. Айнаш ас үйге тұра жүгірді. Пеш тарсыл-гүрсіл. Ішіндегі болмашы жарықтан мысықтың жүні тікірейіп, көзі қанталап, тынымсыз секіріп жатқаны көрінеді. Есікті бар пәрменімен соғып жатыр. Әкесі айтатын тозақ азабын сырттай бақылап тұрған екі қыз шыңғырып жылай берді. Ашайын десе есікті қайта-қайта жұлқына соғып тұрған ызалы мысық беттеріне атылатындай көрінді. Ашпайын десе, аналары айтқан мысықтың қарғысынан қорқады. Одан бұрын көзін аша алмайтын кезінен көріп, әбден бауыр басқан мысықты аяйды-ақ. Айнаш өзінің пештің есігін ашып жатқанын, мысықтың тұра ұмтылып мұның көзін тырнап, ойып алғанын елестетті. Әлбетте, ашулы хайуанның Айнаштан соң Кәмилаға атылатыны да анық еді. Мұндайға әсте шыдасын ба!

         Монти ұзақ секірмеді. Сүркейлі де, азапты дауысы әке-шешесі келгенше құлақтарында тұнып тұрды. Апалы-сіңлілі бір-бірін құшақтап ұзақ өксіді. Әкесі айырмен үйге кірген мезетте аналары оларды өз жатын бөлмелеріне алып кетті. «Иә, Алла, кешіре гөр! Иә, Алла, кешіре гөр!» Анасы осы сөзден бөтен тілге келмеді. Осы сөзді айтып жүріп қыздардың бөлмесіндегі домбыраны түсіріп, түсініксіз жазулы картинаны қайта іліп қойды. «Иә, Алла, кешіре гөр!». Әкесінің көзі манағы мысықтың көзіндей қанталап кеткен. Аналарының қарынан жұлқып тартып, жатын бөлмеге сүйреді. Енді қыздардың есінде мысықтың ғана емес, шешелерінің де баланың жылағаны секілді тым жіңішке және үрейлі үні ұзақ сақталатын болды...

*  *  *

         Мысықтың көзіндей аяулы таң атып келеді...