ҚАРЛЫҒА ИБРАГИМ. ЖАЛҚЫ


Бұл кітапханада кітап қабылдап тұрған. Әтірін бұрқыратып, режиссер бүгін де келді. Кітапханашы формулярдағы кітаптың нөмірін тексеріп жатты да, кірпігін екі рет қақты. Сөйтті де тарс етіп, сұлап түсті. Режиссер есі шыға ұмтылды. «Дәрігер шақырыңдаршы!» дегенін естіп үлгерді. Есін жиғанында терезеге қарай сүйретіліп барады екен. Режиссер қолынан ұстап алыпты. «Жұмысқа неменеге шығып алғансыз?» деп жазғыра сөйледі. Кітапханашы отыздың жотасына жеткен өңді қыз еді. «Терезеге апарыңызшы» – деді ернінің астымен. Гипоксиямен ауыратын. Дәрігерлер бұған кислород жетіспейтінін баяғыда-ақ айтқан. Терезені ашып, таза ауаны қармана жұтты. Қойын-қонышына суық ауамен бірге режиссердің жылылығы қатар енгендей еді. Бірақ оқу залының бас жағына келе жатып, мұны демеген режиссерді «Маған тиіспеңізші» деп сілкіп тастады. Сыпайы бойжеткеннен режиссер мұны күтпесе керек, тосылып қалды. Сосын дереу қыздың құрбысына ұшты. Қыз құлағанын ешкімге білдірмеуді өтінген. Анау аярлықпен Көркемге барып айтты.

Көркем Жәудірдің қасына келіп, жәй ғана «Мұздаған жоқсың ба?» деп сұрады. Мұның жайынан хабардар екенін білдірген жоқ.

-Менің пальтомды әкеп берші, - деді Жәудір.

Сәлден соң иығына пальтосын желбегей жамылып отырып, басын терезеге сүйеді. 10 күн ауруханада жатып, жұмысқа бүгін шыққан. Өзі сәнді, қымбат киінгенді ұнататын. Жылырақ киінгенімен, үстіндегі кеудешесі мен шалбары ашық түсті, сапалы матадан еді. Кенет терезеге қарап тұрып, өлім туралы ойлады. Мына өмірде ештеңе жасап үлгермей жатып, өліп кетсем не болмақ? Жөпелдемеде құлағына жоқтау үні келді. Ата-ана үшін баласының алдында кеткені жанқимақ екенін білетін. Жәудір алдына екі үлкен кісіні салып, құрбандығын шалып барып, дүние есігін ашқан. Анасы «Пітір садақаңды беріп, кірпігіңді қимылдатқансың» деп аймалап отыратын. Енді, міне, жалғыз өзі жәудіреп отыр.

...Режиссер бұл кезде театрдың ұзын дәлізінде байыз таппай жүр. Ойлағаны Жәудір. Жәудір үшін жанбөлек. Көңілі тыншыр емес.

Екеуінің танысқан кезі қызық. Кітапханаға келген мұны кітапханашылар әбден мақтады. Консерватория бітірген кәсіби музыкант, 22 жылдан бері академия тауысқан режиссер екенін жарыса айтты. Ең бастысы, ол мәдениетті, парасатты еді. Бойы орталау, қозы қарны шықпаған, көзі тостағандай жігіт. Айналасындағылардың амандығын тілеп жүретіні анадайдан аңғарылатын. Жәудір сөреге кітап тізіп жатып, шетел әдебиетін, Кобе Абэнің «Құм құрсауындағы әйелін» іздеп тұрған режиссерге қарап, құрметі бөлек екенін түсінді. Ол кітап оқитын адамдарға құмбыл еді. Режиссер, кітап, нота сұраса, елпек қағатын. Сол күннен бастап режиссер кітапханаға келуді жиілетті. Театр әртістерін киноға түсіреді, киноға саундтрект те жазады.

Қараша кез еді. Түс әлетінде режиссер кіріп келді. Әртістер кітапханада шәй ішіп, «Кім кімнің нақсүйері?» деген әңгімені қоздатып отырған. Біреуі күйеуі өзінің көзіне қалай шөп салғанын айтып, ақтарылып отыр. Сопрано дауысты әнші оның жағдайын аяп әлек. Жәудір бір крөшке шәйді ішіп, тұрып кеткен. Ол ешкіммен сөйлеспейтін. Томаға тұйық. Көбіне кітап қарап, қапалақтап жауған қарды терезеден қызықтап отырады. Қарсы алдына Режиссердің келгенін әрі вокалистердің әңгімесін естіп тұрғанын көріп, қипақтады.  Режиссер бұл келісіне мінәйі себеп таба алмай, торсаңдады да қалды. «Проданная невестаны» беріңізші» деп өтінді. «Сметананың ба?» деп Жәудір жалт қарады. Ыңғайсыз әңгімені естіп қалғанына қуыстанғандай, анау жер шұқып, төменге тұқиды.

Көп өтпей жаңа жыл болды. Оның алдында режиссер келіп, былтырғы жаңа жылда мұның әдемі болғанын айтты. Ол кезде академиялық театрдың шыршасына алғаш барған. Жәудір журналист еді. Қатардағы қара тілшінің бірі емес тұғын. Оның сұқбатынан кейін алашапқын өзгерістер болып жататын. Айтыста суырыпсалмалық жоқ деп бастама көтеріп, бағалау жүйесін өзгерткені бар. Одан кейін белгілі режиссерден сұқбат алып, елдегі салафиттердің серкелерін суырып, ел алдына шығарғандай болды. Мұның алған сұқбатынан кейін жұрт улап-шулап жататын әйтеуір. Режиссермен сол кезде танысқан.

Бес жыл бұрын... Иә, бес жыл бұрын ол жарақат алды. Бұрымы балтырын қағатын жасқа келген. Шашы қалың, көзі баданадай еді. Қырбақ қасы көзі ұшқындағанда бірге қозғалатындай көрінетін. Өзі ізденімпаз еді. Журналда жүріп, газеттегі, телеарнадағы, баспадағы жұмыстарды қатар алып жүрді. Арасында көлік жүргізу мектебіне барып келетін. Жұрттың қыздары автоматты айдай алмай жүргенде бұл механика мәшинені ызғытып жүргізіп келе жататын. Егер сол оқиға мына сәулетті ғимаратты көрмеген болар еді. Бір жақсысы кілең атақты адамдармен жұмыс істесе де,  әртістердің кісәпірлігін көрген жоқ. Кісілігінің куәсі болды.

Ал ақын-жазушылардың ортасын еске алса, жиырылып қалатын. Журналда жұмыс істеп жүрген кезі... Дардай аты бар қаламгер қазақ поэзиясының көзі тірі классигінің суретін алып кетуге үйіне шақырды. «Материалыма эксклюзив болатын болды» деп жанұшырып бұл барды. Жазушы сұқбат беруге дайындалып отыр екен. Жаздың тымырсық күні болатын. Төргі үйде жазушының тікқабақ әйелі жүр. Орысшалау көрінді. Тілшінің 22 жастағы кезі. Қаламгер түпкі үйге апарып, қарсы алдына отырғызып қойды. Жаңағы ақын өзінің шығармашылығын қалай бағалайтынын айтып, ұзын-сонар әңгімеге кетті. Жәудірдің ұйқысы келді. Шөл де қысып барады. Мақаласына айтылып жатқандардың бірі келмесе де, көңілін қимай, тыңдап отыр. Шақпақ көйлегінің өңірін қолымен жадағай желпіп өткені сол еді, жазушының көзінде жымысқы ой пайда болды. Ашық түрде «Ыстықтасаң көйлегіңнің түймесін ағытып қой» деп қуланды. Қыз кірпідей жиырылды. Шашы құсық-құсық шалдың қарадай басынғанына ызаланды. Көрші бөлмедегі келіншегін аяды. Бұл жазушы алдына барған көйлектіні көлденең жібермейтінін алдында жұмыстағылар көстең еткізген. Сол есіне түсе бере, тез жиналды. Жазушы жарының асүйге кеткенін пайдаланып, 1000 теңгені шығарды да, «Сендей жас қызға біз сияқты тәжірибелі кісінің құшағы керек. Ағаңның бауырын қыздырсаңшы» деп екіленді. Жәудір ақшаны мына пәленің бетіне лақтырды да, есікке атылды. Есіктен шыға бере жылады-ай келіп. Үстіне біреу латқаны қотарып жібергендей құдды. Көз алдына ата-анасы келді. Мұны әлпештеп өсіргенін ойлады. Аялы алақаннан шығып, мына шалдың тобығын сипалап отыруы керек пе? Бойы тітіркеніп кетті. Сол күні ол ешкіммен сөйлескен жоқ, жан баласына тіс жармады. Телефонына ызбандай беретін шалды қу сәңкідей көрген жоқ.

Сол оқиғадан үш жыл өткен соң бұл жазатайым жағдайға тап болды. Ол оқиғаны ойласа, жүрегі езіледі. Қолынан жарақат алды. Былқылдақ буыны клавиатура басуға жарамай қалған еді. Таусыла жылағаны есінде. Таудай ағасы «Өмір ғой...» деп жұбатты. Жәудірдің жұмыстан кеткенін қалаған жоқ. Өтінішіне қол қоймай, екі ай ұстады. Ақыры Жәудірдің жарасы жан жарасына айналып кеткенін көргенде көңілі суыды. Артынша сұқбат беріп, «Жәудірдей талантты журналистің күнде келіп жатпағанын» айтты. Мұны Жәудір екі айдан  кейін оқыды. Құмығып жылап алды. Бұл кез ол қаланың шетінде аңыз далада жүрген. Қара даланы қар басқан. Аппақ қардың үстіне емпеңдей құлады. Өксігін баса алар емес. Көп өтпей Астанаға жұмысқа аттанды. Тағы да жолы болмай, жазу жазса білегі қанап кете берді. Білегімен бірге жүрегі де қанайтындай. Содан ол сала ауыстырды. Кітапханаға барды. Режиссер сондағы зиялы қауымның бірі болатын.

Бірде кітап беріп тұрып, көзін төменнен алып қалып еді, режиссердің бұған тесіле қарап тұрғанын аңдады. Жанарынан таңырқау мен тамсануды байқағандай. Орта бойлы, қара сұр болса да, бұл қыз реңсіз емес еді. Жүзіндегі иба мен ілтипат, оны өзгелерден даралап тұратын. Өзінің өткені туралы ешкімге жақ ашпады. Жорж Бизенің «Кармені» мен Вердидің «Риголеттосын» қойып жатып, өзінің қай қиырдан адасқанын ойлады. Әдеби ортаны ол әлі де аңсайтын. Бірақ баруға жүрегі дауаламайтын. Үркек еді.

Режиссер Жәудірді жиі іздейтінді шығарды. Жұмыстағылардан сұрайтынын білгенде, жүрегі жылып қалды. Бірақ режиссерге деген сезімі бар-жоғын өзі де білмейді. Әйтеуір ол туралы ойлағанда кеуде тұсының жылитынын сезеді.

-Ал сіз кімді жақсы көресіз? Қашан күйеуге шығасыз? Режиссер осы сұрағына қапелімде қалай жауап берерін білмей састы. «Ешкім ұнамайды. Маған ешкім қарамайды»,–деді де сөзінің соңын жұтып қойды. Жалғыз қалғанда өзінің ұзатылып жатқанын ойлайтын. Тіпті ұзату әнін таңдап жүретін. Бір күні көлігінде «Меломеннің» орындауындағы «Еркем» әнін естіп, ебіл-дебіл жылады. Әкесі мен бауырларының жылап тұрғанын көз алдына келтірді. Неге екенін қасынан режиссерді көрді. Мұның көзіндегі жасын сүртіп, кірпігінен өбіп жатыр екен. Кенет өз ойынан өзі ұялып қалды. Жылы жымиып, сыпайы сәлемдескені болмаса, режиссер бөтен ыңғай білдірген емес.

...Айтпақшы, жаңа жыл кешінде режиссер екеуі биледі. Кілең әртістердің ортасында, ашық алаңқайда екеуі шыр көбелек айналды. Бір емес, екі биді бірге еңсерді. Топылайының өкшесі тым биік болып, бұл аяғына коньки киіп алғандай ыңғайсыз сезінді. Вальске ілінбей, орнына барып отырды. Кеш бітпей жатып, режиссерді жоғалтып алды. Кіммен кеткенін ізім-ғайым жоқ. Бір балеринаның құшағында балқып жатқан болар деп ойлады.

Ертесіне режиссер Кенжебек Күмісбековтың «Дала сыры» партитурасын алуға келген. Есікті ашпай, шала бұртиды. Анау да қоймай, есікті айқара ашып, ішке кіріп алды. Неге томырайғанын өзі де түсінбеді.

Бірде жаңа жыл алдындағы отырыста бір әріптесі Жәудірдің жұмысты ықыласпен істемейтінін айтып қалды. Басшылары сырбаз да салиқалы кісі болатын, сыр білдірмеді. Жәудірдің жанарына жас құйылып кетті. Жұрттың көзінше мөлт етті. Қасындағы Шырын апайы мұны жақтаған болды. Ана әріптесіне тағы бір кісі қосылып, жарымсақтанып кетті. Сол күні жұмыстан көңілсіз қайтқан. Өзінің тым жақсы жерлерде жұмыс істеген ойлап, ернін тістеледі. Ертесіне ілби басып, жұмысқа келді.

Қазанның кірген беті. Жапырақ жерге түгел түсе қоймаған кез. Режиссер екі алмұрт көтеріп, күлімдеп, кітапханаға кіріп келді. Ес білгелі жігіттен сынық кәмпит алып көрмеген сорлы бұл. Қуанып кетті. «Жуып жеңіз» деп жылы жымиды режиссер. Сол күні алғаш рет жігіттен жанашырлық сезінді. Бұл құлап қалатын ана бір күні режиссер бұған қалай тамақтанып, гипоксиядан қалай арылу керектігін үйіп төккен. Бұл жауап қатқан жоқ.

Бірде бұл режиссердің рояльде ойнағанына ынтықты. Жатса-тұрса фортепианада ойнап отырған режиссерді көреді. Анада режиссердің Черни жайлы кино түсіріп жүргенін естіген. Бұл ойын бұлтаңсыз жігітке айтып еді, ол қуана келісті. Жұмыстың аяғында жігіт телефон шалды. «Сіз маған келіңізші...» деді күміс дауыспен. Жұпар сеуіп, ернін жұқалтаң ғып бояп алды. Мұнысынан аздап қымсынған да сыңайлы. Ақырын опералық студияның есігін қағып, көрермен залының етек жағына қарай отырды. «Қасыма отырсаңызшы» деген үннен ұшып тұрғанын, қинала жымиғанын өзі де аңдамай қалды. Көп жылдан бері жігітпен жалғыз қалғаны осы. Режиссер аппақ саусағымен фортепианоның батырмаларын жанай сипады да, «Девятая симфонияны» ойнай жөнелді. Арасында баяу үнмен әнін де айтты. Сосын классикалық бір шығарма орындады. «Шопеннің ноктюрндары мен этюдтерін ала келуіңіз керек еді» деп таусыла қарады. Сосын бұл білмейтін бір-екі композицияны орындады. Жәудір жанарын төмен салып отырды. Бір кезде рояльдің жақтауына үңіліп еді, режиссердің бейнесін көрді. Нотадан қалт кетті ме, жоқ Жәудірдің ынтызарлығын байқап қойды ма, жылы жымиды. Сосын екеуі отырып, күлісті. Режиссер бала кезі туралы естелік айтты. Жәудір режиссердің талантына іштей сүйсінді. Сол күні көңілді жүрді.

Сұрша күздің қызыл іңірі еді. Телефоны тыңқылдады. Режиссердің кабинетінде фортепиано тыңдағаннан кейін режиссер бұған жоламай қойған. Жәудір түк түсінбей дал. Көңілін жаралайтындай ештеңе айта қоймаған сияқты еді. Күн тарғылданып, еріне батты. Мазасты тыңдап отырып, Крейцерге бірақ барғанын байқамай қалды. Карантин кезі болатын. Үйде отыра-отыра жамбасы тесілетін болды. Бір ақыннан түннің бір мезгілінде «Ішейікші» деген смс алып, ал кеп ысытпаласын. «Мені неге ішеді деп ойлады екен?» деп тымырайды. Жеңіл күрсінді де, әлгі ақынды ойынан желпіп тастады. Алдында ғана шайыр «Осы сен қыз тым көріктісің. Абайлап жүрші» деп жанашыр хабарлама жолдаған еді. Мына хаты жаңағысын шайып жібергендей болды.

 Бозөстеңнің ауасы таза. Боз беткейде жаңадан салынған бұл ықшамауданда негізінен қазақтар еді. Бір ғана орыс отбасы болатын. Режиссер соның ұлына фортепиано үйретуге келеді. Бірде Жәудірден кітапханадан Николаевтың «Школа игры на фортианосын» ала келуді өтінді. Көрші пәтерге кіріп барып, режиссермен жанары түйісіп қалды. Режиссердің көзі мұныкінен үлкен еді. Жанарынан өз бейнесін көрді. Дереу кітапты ұсынды. Кенет режиссер екеуінің қолы да қақтығысып қалды. Жәудірдің саусақтары жіңішке, терісі жұқалтаң еді. Еліктің лағындай ыршып түсті де, қолын тартып ала қойды. Арадағы үнсіздікті осы жанасу шайып өткендей еді.

Ертесіне сылбыр басып, театрға жетті. Бұл кезде өз мамандығы бойынша жұмыс тауып алған. Күніне бес-ақ сағат ұйықтайтыны болмаса, бәрі жақсы. Бірде режиссер екеуі Сағи Әшімов көшесіне қарай бірге барды. Жолай режиссер  кіммен тұратынын, пәтерін, мекенжайын айтты. Бұл інісінен басқа ешкімі жоғын  айтты. Анау болса «Бәрі жақсы болады» деп жылы қоштасты. Егер Жәудір басқа театрға ауысса, режиссер қимайтындай еді. Оны жанарынан оқып қойған. Күздің жуан ортасында Жәудір ауырып қалды. Екі жұма жұмысқа ат ізін салмады. Режиссер дембіл-дембіл іздеді.  Станиславскийдің кітабын сұрап хабарласқанында хал-жағдай білісті. Сол кезде қыз тағы да жанашырлықты сезінді. Оның мейірімділігіне көңілі құлап қалғандай. Бірақ бұлай болмайтынын ойлап, ойын жиып ала қойды. Режиссер тым таза, жаны ақ шүберектей кісі еді. Ал бойжеткен өзін оған лайық көрмейтін. Тіпті қорынып қалатын. Журналист болып жүрген ана бір жылы ағасы бұның көңілін аулаймын деп отырып ауыртып алған. «Ауылда өзіңмен түйдей құрдас жігіт бар ма?» деді бұған жұмыс ұсынып отырып. «Редактордың орынбасары болсаң, айлығы жаман емес. Тек жалғыз қалмаудың жайын ойла» деген жылы қабақпен. Орнынан қалай ұшып тұрғаны, «Маған жұмыстан басқа нәрсе айтпаңыз, бұл сіз айтатын сөз емес» деген сөздің аузынан қалай ытқып кеткенін аңдамай қалды. Дереу тазалық бөлмесіне ұмтылған. Көзінен жас парлап барады. Көкірегінде ащы шер ағып бара ма, қалай өзі? Жолай дәлізден ағасының аютабандап келе жатқанын байқады. Мұның көзінің алды күлдірегенін көріп: «Ойбуу, мен қарындасымның көңілі қылдай нәзік екенін байқамай қалдым» деген шын өкініп. Содан бері өмірлік серік табу туралы жайын, көңілі қалаған адам мұны жалғыз қалдырғанын ойлағанда көңілі қақырайтын.

Жәудір жақсы киінетін. Көйлектері көп еді. Бірде ол қос етек жеңіл кофта мен қара барқыт сарафан киді. Шашын бұйралап, жеңіл боянып алды. Бір педагогке компьютерден электронды кітап жүктеп тұрған. Режиссердің сүйсіне қарап қалғанын сезді. Кейін екеуі жеңіл амандасып, күлімсіреді. «Бүгін әсерлі болып кетіпсіз ғой!» дегеніне күле жауап қатты. Комплимент естігенді жаны қатты қалайтын.

Көлігімен Сәтбаев көшесін құлдилап бара жатып, кілт тоқтады. Алдында көлігінде Игорь Крутойдың «Когда я закрываю глаза» композициясы ойналып жатқан. Кеуде тұсының шым еткенін сезінді. Соңғы кезде жиі мазаланып жүрмеген еді. Крутойдың музыкасына елітіп, жол жиегінде біраз отырды. Кенет телефоны шылдырлады. Бақса режиссер. Тұтқаны құлағына апарып еді: «Екеуміз ертең үйлене салайықшы» деген үнді естіді. Ешбір романтикасыз, сезімсіз жасалған ұсыныс. Бірақ режиссер табиғи түрде, шынайы сезімін осылай жеткізген еді. Тым болмаса симфониялық оркестрмен Моцарттың «Свадьба Фигаросын» ойналып тұрғанда ұсыныс жасаса, сүйріктей саусағыма сақина салса да болатын еді ғой деп бұртиды. «Ойланайын»,- деді де, қызыл тетікті басты. Ызғытып Медеуге шықты. Бес жылдан бері тауға келмепті. Ана жазым бола жаздаған жылы Алма арасандағы сарқыраманың қасында демін ішіне тарта жылағаны есінде. Режиссердің ықылас-пейілі еске түсті. Ертең тойы болатынын ойлағанда тез-тез басып, ылдиға қарай беттеді. Ойлап қараса досы да жоқ екен. Жалғыз інісін жанына куәгер қылмақшы. «Весна священная» ойналып тұрса деп ойлады.

Пәтеріне келіп, айнаға қарап, жүзінің сынғанын байқады. Кеше білегі тағы қақсаған. Дәрігерлер басының қан тамырларын тексеріп көрмекке МРТ жасатты. Сосын омыртқа дискісін КТ-ға түсірді. Бірінде жиырма, бірінде он минут Жаратқанға жалбарынып, Ықылас, Фалақ, Нас, Кәфирун, Аятул Курси дұғаларын күбірлеп оқып жатты. Бүкіл саналы ғұмыры көз алдына келді. Рәббана әтинаны оқып біткенде тексеріс те аяқталды. Нәтиже көңіл көншітпеді. Кешенді емделу керектігі ескертілді. Бұл ләм-мим деп ешкімге айтпады. «Бұдан ауыр күндерді өткізгенмін»,- деді де жүре берді.

Сол күні көрші кемпір Валя мұны ұстап алған. Мысық пен тауық әкелуге жұмсады. Мысықтың марғауы білегіңе жатса, мықты терапия деп қоймады. Ал қара тауықпен ұшықтасам, бойыңдағы бүкіл жаман энергияны алады деп сендірді. Мұның Аллаға серік қосу екенін білсе де, жасатып көрмекші болды. Мысық таба алмай, біраз әурелең болды. Ес білгелі тауық етін аузына салмайтын. Тауық етін жесе, денесі тітіркенетін. Қалай болар екен деп қобалжып тұрды да, тәуекелге бел буды.

Кешкі апақ-сапақта Валя кемпір жетіп келді. Көзінше тауықты жалаң қолымен қағып жіберіп, ұшырып түсірді. Үлкен қара пышағымен басын қағып алды. Абың-күбің болмай-ақ дереу іске кірісіп кетті. Мұны айналып жүріп, бұл білмейтін бірдеңелерді оқыды. Тауықтың қаны Жәудірдің білегіне тамды. Сол түні денесі тітіреп сала берген.

Ертең Неке сарайында режиссер екеуінің тойы болмақшы. Жиырма-отыз шақты адам жиналмақшы.  Валя кеткен соң дірдектеп жүріп, ақ көйлегін киіп, көкшіл гүлді басына тақты. Сосын диванға құлай кетті. Түннің тоғызыншы әлетінде оянса денесі мұздап жатыр. Жанарын жас жуыпты. Ояна алмады. Көз алдында режиссер елестеді. Камерасын қосып қойып, епелектеп жүрген  тәрізді. Бұл ыңыранып, бірдеңе дегісі келеді. Көңілінде «Сіз жақсы адамсыз» деп айтқысы келеді. Еріні соңғы рет қыбыр етті де, талықсып кетті. Кенет мұрнына ауа бармай қалғанын сезді. Көзін ашып еді, жаңағы қара тауық қақылдап алдына келгендей. Қатты бір күрсінді де үнсіз қалды. Сосын әлдекімді қааатты сағынғанын сезді. Сол адамға қарай ұмсынып еді, көзінің алды сағымданып кетті. Әлгі адамның кім екенін өзі ғана біледі. Ол режиссер емес еді...

Жәудірді іздеген жан болмады. Режиссер мардымды жауап ала алмаған соң театрға келді. Бір увертюраны алу үшін кітапханаға соқты. Шырын апай көзі жасаурап, теріс бұрылып кетті. Не болғанын түсінбей төменгі қабатқа түсті. Дәл есіктің алдына Жәудірдің жымиған суреті ілініпті. Кеуде тұсын қара лента басыпты. Режиссер сенбеді. Ебіл-дебілі шығып, тізерлеп отыра кетті.

Жәудірді жерлеуге көп адам жиылды. Ол жақындарының бәріне сыйлық қалдырыпты. Режиссерге Габриель Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» сыйлапты. Ол да, бұл да жалқы еді...